"Алаңдаулымыз": Қазақстан танкерлерге жасалған шабуылдарға қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ресми өкілі Ерлан Жетібаев Қара теңіздегі мұнай танкерлерімен байланысты оқиғалар жөнінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бет алған үш танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған шабуылдарға байланысты айтарлықтай алаңдаушылық білдіретінін жеткізді.

Осы орайда бірқатар еуропалық мемлекеттердің елшілерімен өткізілген шұғыл кездесулер, сондай-ақ америкалық тараппен және өзге де шетелдік серіктестермен болған байланыстар барысында халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтай отырып, көмірсутегін тасымалдаудың, оның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдаудың маңыздылығына ерекше мән берілді.

Қазақстан Республикасының қандай да бір қарулы қақтығысқа қатысып жатпағанын, жаһандық және еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын әрі энергия ресурстарын жеткізудің үздіксіздігін халықаралық талаптарға толық сәйкес қамтамасыз етіп отырғанын ерекше атап өтеміз. Осыған байланысты аталған танкерлердің барлық қажетті рұқсаттары болғанын және талап етілетін сәйкестендіру жабдықтарымен қамтамасыз етілгенін атап көрсетеміз. Соңғы уақытта мұндай оқиғалардың жиілеуі халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне төнетін тәуекелдердің артып келе жатқанын айғақтайтынын атап өтеміз және серіктестерімізді алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында бірлескен шаралар әзірлеу үшін тығыз өзара іс-қимыл жасауға шақырамыз, - деп мәлімдеді СІМ.

Еске салсақ, бұған дейін Қара теңізде Ресей жағалауына жақын орналасқан Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалы маңында мұнай танкерлеріне белгісіз ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасаған еді. 

Дрон шабуылына ұшыраған танкерлердің бірі – Delta Harmony кемесі грек компаниясы Delta Tankers басқаруында болған және ол Tengizchevroil компаниясының қазақстандық мұнайын тиеуі тиіс еді. Ал тағы бір кеме – Matilda – Thenamaris компаниясына тиесілі және Қарашығанақ кен орнынан мұнай тасымалдауға дайындалғанын айта кетейік. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы