"Алаң" деректі фильмі көрерменге жол тартты
1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан дүрбелеңіне арналған деректі фильм Қалдыбай Әбенов пен Рубикжан Яхиннің тағдыры мен олардың қоғам алдындағы орнына терең үңілуге арналған туынды, деп хабарлайды BAQ.KZ Qazaqstan tarihy порталына сілтеме жасап.
Фильмнің "Алаң" деп аталуының бірнеше себебі бар: біріншіден, республикада қалыптасқан саяси ахуал мен шешілмеген ұлт мәселелері (демография, қазақ тілі, білім беру) қазақ жастарын бір орынға – алаңға жинады; екіншіден, жиылған жастардың ойын, талабын жазып алған қазақ режиссерлерінің (Қ. Әбенов, Р. Яхин) алаң көңілінен өмірлік және көркем шындықтар таспаланды; үшіншіден, ұлт көсемі Ә. Бөкейханның "Қазақ тарихы" мақаласында "Алаш – отан кісісі, алаң – шетел кісісі" деп талданғандай, Қазақстанға мүлде белгісіз адамның (алаңның) тағайындалуы сияқты себептер фильмнің атауына негіз болды.
Деректі фильмде Қалдыбай Әбенов пен Рубикжан Яхиннің ұстанымдары мен өмір жолдарын қарастырып, сол кезеңнің философиялық және әлеуметтік мәнін ашады.
Қалдыбай Әбенов қоғамдық өзгерістерге терең оймен қарай отырып, тарихтың ауыр сынақтарын өткерді. Оның азаматтық көзқарасы әлеуметтік әділеттілік пен адамның құқықтары үшін күрескен ұстанымдарды білдіреді. Қақтығыстар мен қайшылықтар арқылы халықтың ұлттық бірлікке деген ұмтылысын көркемдікпен суреттеген "Аллажар" фильмі ұлт қазынасына айналды.
Рубикжан Яхин – Желтоқсанның шындық жаршысы. Оның іс-әрекеттері тек саяси қарсылық емес, терең философиялық мәнге ие болды. Әділетсіздікке қарсы шыққан, өз құқығын қорғау үшін жанқиярлық күреске түскен жастардың жанынан табылып, операторлық әбжілдікпен камерасына түсіріп алуымен құнды.
Ол түсірген тарихи таспалар алаңдағы шамырқаныс пен буырқаныстарды шынайы, қаз-қалпында әрі қоғамдағы өзгерістерге деген ұмтылысты бейнелеп, жастарды, азаматтық қоғамды еркіндік пен теңдікке шақырды.
Бұл деректі фильм Қалдыбай Әбенов пен Рубикжан Яхиннің өміріндегі маңызды сәттерді, олардың қоғамдық және саяси көзқарастарын зерттей отырып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, фильм тарихи оқиғалардың адамдардың жеке өміріне қалай әсер еткенін, олардың рухани әрі философиялық тұрғыдан қалай өзгергенін көрсетеді.
Әрбір көрермен үшін бұл туынды 1986 жылғы дүрбелеңге қатысты жаңа ойлар мен пайымдар тудырады, сол дәуірдегі саяси, әлеуметтік және философиялық күрестердің мәнін ашып көрсетеді.