Алакөлге ТМД елдерінен ұшақтар қатынайтын болады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.
Алматы облысының әкімі Алакөл туристік аумағындағы инфрақұрылымды жақсарту аясында ондағы әуежай қайта жөндеуден өтетінін айтты.
Қазір Алакөлге Нұр-Сұлтан, Алматы және Талдықорған қаласынан ұшақтар қатынауда. Оның үстіне көрші елдерден Алакөлге ұшып барғымыз келеді деген ұсыныстар келіп түсуде. Ал ондағы ұшу-қону жолағының қазіргі жағдайы оған мүмкіндік бермей отыр. Сол бойынша жобалық-сметалық құжат дайындадық, ол екі бөлімнен тұрады, - деді Баталов.
Оның айтуынша, әуежайдағы ұшу-қону жолағына 4,7 млрд теңге, сондай-ақ әуенавигация мен аумақты қоршау, күзет пен жарықтандыру сияқты жұмыстарға 2,5 млрд теңге жұмсау қарастырылған.
Үкімет бізді қолдап, 4,7 млрд теңге бөлді. Қалған 2,5 млрд теңгені жергілікті бюджеттен бөлетін болдық. Жақында тендер жұмыстарын жүргізіп, жауапты мердігерлерді таңдадық. Бұл жұмыстар биыл атқарылып бітуі керек, - деді ол.
Ол сондай-ақ, жөндеу жұмыстары аяқталған соң әуежай Boeing-737 сияқты ірі ұшақтарды қабылдайтынын айтты. Ол кезде туристер легі де артып, қызмет көрсету сапасы да өзгермек.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Жетісуда алаяқтар азаяр емес
Өзгелердің жаңалығы