Алакөлден Шарм-эш-Шейх арзан
Жетісу облысы әкімдігі Алакөл жағалауындағы қонақүйлердің бағасын тұрақтандыра алар емес. Ал демалушылар сервис төмен, баға қымбат екенін айтуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақшиді жағалаған қазақтың айқайы
Мемлекет басшысы Алакөл аймағындағы туристік қызметтің төмендігін сынға алғаны белгілі. Шипалы көлдің қос жағалауында талай жылдан бері шешілмей келе жатқан түйінді мәселе көп. Бүгін соны саралап көрсек…
Соңғы жылдары ішкі туризмді дамыту — Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына айналып, ел ішіндегі демалыс орындарының әлеуетін арттыру көзделіп келеді. Соның ішінде шипалы суымен, қара балшығымен аты шыққан Алакөл аймағы — Жетісудың ғана емес, күллі Қазақстанның брендіне айналуы тиіс болатын. Алайда іс жүзінде бұл аймаққа бір барып қайту — көпшілік үшін Жерорта теңізіне ұшып барғанмен бірдей шығынды талап етіп отыр.
Екі баламмен бардым. Үш күндік демалысқа 700 мың теңге кетті. Енді қашан қайта барамын — белгісіз. Ол ақшаға шетелге жолдама алып кетуге болатын еді. Сенсеңіз, Алакөлден Шарм-эш-Шейх арзан шығады, дейді алматылық тұрғын Дмитрий Киреленко.
Көп айтылып жүрген Ақши ауылындағы Grand Villa сынды заманауи қонақүйлердің бірінде бір түн қону — 200 мың теңгеге бағаланады. Иә, бұл сомаға таңғы ас кіреді. Тек таңғысы ғана! Ал түскі және кешкі ас — қосымша ақылы. Жәй ғана бір ас мәзіріне тапсырыс берсеңіз, 50-60 мың теңгеге дейін тастап кетуіңіз ғажап емес. Бұл ақшаға Алматыдағы орта деңгейлі мейрамханадан отбасымен бірнеше рет дәм татып шығуға болады. Оған қоса, 0,25 литрлік кока-коланың 1500 теңгеден сатылатынын естіген жұрт жағасын ұстап жатыр. Әрине, мұндай бағалар — қарапайым қазақстандықтар үшін шектен тыс.
Бір жағынан отандық туризмді қолдағым келеді. Бірақ демалыс деп барып, қаржыдан қысылып оралған соң, не демалғаныңды, нетыныққаныңды сезбей қаласың, дейді тағы бір демалушы, Талдықорған қаласынан келген Ардақ Жаннұров.
Шынтуайтында, халықтың бұл назында үлкен шындық бар. Қайта-қайта айтылып, жазылып келе жатқан мәселе — бағаның аспандап кетуі, сервис пен сапаның оған сай келмеуі. Мәселен, бөлмеде кондиционер істемейді, жағажай лас, көлік тұрақтары жеткіліксіз, жол бойында қызметкөрсету нүктелері жоқтың қасы. Осы мәселе төңірегінде журналистерге берген брифингіндеАлакөл ауданының әкімі Алмас Әбденов былайша жауап берді.
Тазалық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Біз барынша санитария талаптарын сақтауға шақырып жатырмыз. Ал, баға, бұл –нарық, оны ретке келтіру қиын. Кәсіпкерлердің де пікірін ескеруіміз қажет, дейді аудан басшысы.
Президенттің ескертпесін әкімдік ескере ме?
Бұл мәселе жылда көтерілгенімен әлі толық шешімін таппады. Шіліңгір шілде келісімен республиканың түкпір-түкпірінен келген халық Ақши ауылына ағылады. Сол кезде кептелістің көкесін көресіз. Жақында жарияланған әлеуметтік желідегі бейнероликтерден жол бойындағы ондаған шақырымға созылған кептелісті көруге болады. Бұл – инфрақұрылымның әлсіздігінен хабар береді.
Көпке мәлім, көп ұзамай-ақ халықтың шағымы Президенттің құлағына да жетті. Мемлекет басшысы елдегі демалыс аймақтарының инфрақұрылымы, сервисі және қауіпсіздігі сын көтермейтінін ашық айтып, Үкіметке нақты тапсырма берді. Ақорда ресми мәлімдеме жасап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алакөл аймағындағы туристік қызметтің нашар ұйымдастырылғанына қатаң назар аударғанын хабарлады.
Мемлекет басшысы халықтан келіп түскен көптеген шағымға байланысты Алакөл маңындағы әйгілі туристік аймақтың демалушыларды қарсы алуға дайындығы төмен екеніне Үкіметтің назарын аударды, — делінген Ақорданың ресми хабарламасында.
Президент бұл бағыттағы инфрақұрылымның сын көтермейтінін, қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздік мәселесі де тиісті деңгейде еместігін ашық айтты. Үкіметке қалыптасқан жағдайды жедел түрде реттеуді, елдегі барлық туристік бағыттарды қайта қарап, олқылыққа жол берген жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Жалпы Жетісуға қарасты Алакөл ауданының аумағында 1448,3 шақырым автокөлік жолдары бар. Оның 333 шақырымы республикалық, 534 шақырымы облыстық, 581,3 шақырымы аудандық маңыздағы жол саналады. Соңғы үш жылда 44,3 шақырым автокөлік жолдарына орта және күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. 2022 жылы 711,3 млн.теңгеге 8 елді мекеннің 17,2 шақырым жолдарын жөндеу жоспарға сәйкес атқарылған. Одан кейін 869,2 млн.теңге 13 елді мекеннің 15,1 шақырым жолдары жасалған. 2024 жылы 1 млрд. 104 млн.теңгеге 6 елді мекеннің 12 шақырым жолдарын күрделі және орта жөндеуден өткізіліпті.
2025 жылы 921,5 млн.теңгеге 10 елді мекеннің 24 көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде аудандық маңыздағы жолдардың сапасы 65%-тен 67%-ке жететін болады. Қамысқала – 39, млн.теңге, Тоқжайлау – 100,4 млн.теңге, Жыланды – 78,9 млн.теңге, Үшарал – 181,7 млн.теңге, Архарлы – 56,6 млн.теңге, Жанама – 64,8 млн.теңге, Қайнар – 65,3 млн.теңге Ж.Балапанов – 41,3 млн.теңге, Қазақстан – 95,2 млн.теңге, Бұдыр – 69,9 млн.теңге бөлінді, дейді аудан әкімі Алмас Әбдинов.
Президенттің бұл жолғы сыны дөп тиді. Өйткені отандық туризм тек бағамен жарысуды емес, сапамен де дамуды қажет етеді.
Кептеліс көп, себебі көше тар
Алакөл — тек қазақстандықтар емес, шетелдіктер үшін де тартымды болуы тиіс мекен. Бірақ турист тартамыз деп, ішкі туристен айрылып қалмасақ болғаны. Қазір әлеуметтік желілерде халық "Алакөлге баруға ақшасы жетпейтіндер Жерорта теңізін жағалап кетті" деген әзіл аралас зілді пікірлер қалдырып жатыр. Бұл әзіл емес, ащы шындыққа айналып барады.
Қонақүй иелері мен кәсіпкерлер Алакөлдің бір-екі айлық маусымында жыл бойғы табысын жасағысы келетінін түсінуге болады. Бірақ шектен тыс баға саясаты, төмен сервис пен инфрақұрылымның жұтаңдығы — келешекте бұл өңірдің туристік мәртебесіне үлкен қауіп төндіреді. Ел ішіндегі сенімді жоғалтқан аймақ — сырттан келетіндерді де қызықтырмасы анық.
О баста жауапты мамандар жолды сызғанда қателік жіберген. Ақши ауылының ішіндегі көшелер өте тар. Көлік қоятын жер санаулы, мыңдаған адам барғанда кептелістің көкесі болады. Бәрі бір көшенің бойына шоғыланған. Адамның тыныс тарылады. Сервис бағаға сай емес, ұсынылатын тамақтардың мәзірінде 3-4 ас қана бар. Адам таңдау жасай алмайды, дейді демалушы Ерік Базарбаев.
Жетісу өңірде көрікті көлге жету соңғы жылдары ғана жеңілдеді. Енді бір мәселе — жол бойындағы жанармай құю бекеттерінің аздығы. Соның салдарынан жанармай болмай, көлік иелері межелі жерге жете алмай, жолда тұрып қалған.
Балалармен демаламыз деп шыққанбыз. Бір жағынан жанармай жоқ, екінші жағынан жолда дәретхана, асханалар тапшы. Бәрін өзіңмен бірге алып шықпасаң, қиын. Баға — шетелмен тең, сервис — кеңес заманынан қалған. Әрбір демалушы бұл әділетсіздікке ренжиді. Біз сырттан турист тартамыз деп, ішкі туристі шошытып алып жатырмыз, деп күйінеді тараздық тұрғын Жанар Байдосова.
Алакөл — бізге табиғаттың берген сыйы. Оны шетелмен бәсекеге қабілетті етіп дамыту — тек Президенттің емес, тұтас қоғамның талабы мен тілегі болуы керек. Қазір бұл аймақ тек қалтасы қалыңдарға ғана арналмағанын дәлелдеуі тиіс.