Алакөлдегі лагерьде ерекше қажеттілігі бар 160 бала демалады

Алакөл ауданы Ақши жағалауындағы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Жансая» жазғы сауықтыру лагері жаңа маусымдағы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін лагерьге демалушылардың алғашқы легі келді, атап айтқанда лагерьге 16 бала заңды өкілімен бірге орналасты.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, өткен жылы жазғы кезеңде бұл лагерь 127 баланы тегін қабылдады. Биылғы жылы да осындай 160 баланы 1 заңды өкілімен тегін демалту жоспарланып отыр.

Бұл орталық 40 орынға есептелген. Әр баланың демалу ұзақтығы - 5 күн. Балаларды қабылдау I-ІІІ топтағы мүгедектігі бар баланың тіркелген жері бойынша дәрігердің ұсынысы немесе қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. Орталыққа жол жүруді ұйымдастыруды заңды өкіл немесе еріп жүретін адам тұрғылықты жерінен Үшарал қаласына дейін дербес жүзеге асырады, бұдан әрі оларды Ақши ауылына, лагерьге жеткізуді орталықтың өзі ұйымдастырады, - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Ермек Мизамбаев.

Өткен жылы да аталмыш лагерьде болып, сауықтыру шараларын қабылдаған ерекше қажеттілігі бар Тәуекел биыл да анасы Ажармен бірге орталыққа келген. 

Алакөлдің суы шипалы. Оған қоса пансионаттың көлдің жағасында орналасқаны біз үшін қолайлы. Мұнда балаға да, анаға да барлық жағдай жасаған, - дейді Ажар.

Сол сияқты Мөлдір Ахметова ұлы Қасен Әлиханды мұнда алғаш рет әкеліп отыр.

«Жансая» лагеріне алғаш рет келіп отырмыз. Аспаздар, медбикелер, жалпы сауықтыру орнында жұмыс істейтін қызметкерлердің бәрі де сондай мейірімді, өз ісіне берілген мамандар. Су да, сауықтыру шараларын жасайтын азаматтардың ақжарқын көңілі де – бәрі балама оң әсер етеді деп сенемін, - дейді ол.

Еске салсақ, 2023 жылы сапалы әлеуметтік қызметтер көрсету мақсатында Алакөл ауданы әкімдігінің бұрынғы резиденциясының ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 6 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналған Алакөл көлінің жағалауында «Жансая» оңалту бөлімшесі бар күндізгі болу орталығына» қарасты «Жансая» жазғы сауықтыру лагері ашылған болатын. Лагерьдің негізгі мақсаты – медициналық, психологиялық, кәсіптік және әлеуметтік оңалту шараларын жүргізу арқылы мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру және оны әлеуметтік ортаға бейімдеу.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы