28 Шілде 2026, 08:35 Фото: скрин

Алакөлде жағадан 11 шақырым қашықтықта қалған алты адам құтқарылды

Құтқару жұмыстарына жедел түрде ТЖД жедел-құтқару жасағының күштері жұмылдырылды. Жағадан шамамен 11 шақырым қашықтықта құтқарушылар алты адамды, оның ішінде төрт баланы тапты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері Алакөлде қиын жағдайға тап болған алты адамды құтқарды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға Абай облысының Мақаншы ауданында болған. Аралтөбе аралында демалып жүрген бір топ адамның өздігінен жағаға қайта алмай қалғаны туралы хабар облыстық ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқару станциясына келіп түсті.

Құтқару жұмыстарына жедел түрде ТЖД жедел-құтқару жасағының күштері жұмылдырылды. Жағадан шамамен 11 шақырым қашықтықта құтқарушылар алты адамды, оның ішінде төрт баланы тапты.

Анықталғандай, үрлемелі қайықтың аккумуляторы істен шығып, демалушылардың өз күшімен жағаға жетуіне мүмкіндік болмаған.

ТЖМ қызметкерлері қайықтағы барлық адамды аман-есен эвакуациялап, жағаға жеткізді. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ.