Алакөлде қияр пісті
Жанама ауылында жылыжайлар жеміс бере бастады. Бұл Алакөл ауданындағы ең бірінші өнім берген арнайы бау-бақша орталығы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жылыжай шаруашылығын дамытуға басымдық беруді тапсырған еді. Осыған орай өңірде кәсіп бастаған азаматтар көп. Дегенмен Алакөл ауданында жылыжай шаруасы әлі ілгерілемей келе жатқан саланың бірі. Мұны сезген Жанама ауылының тұрғыны Ернар Құттыбек қияр егуді қолға алады.
Көктемнің басында 15 сотық жердің 2 сотық аумағына тамшылатып суару әдісін пайдалана отырып қияр тұқымын ектім. Міне, мамыр айында жеміс берді. Бүгінде тәулігіне 10 келі қияр жинап жатырмыз. Алдағы уақытта гүл тұқымдарын алып, өсіруді көздеп отырмын. Басты мақсатымыз да осы – ішкі нарықты өзіміздің органикалық өнімдермен қамтамасыз ету. Жылыжайдағы қиярдың 1 келісін көтерме бағамен 350 теңгеден сатамыз. Халыққа 500 теңгеден беріледі. Тапсырыс күннен күнге артып келеді, - дейді кәсіп иесі Е.Құттыбек.
Кәсіпкер аталған өнімді ауданнан бөлек, басқа да қалаларға жеткізуді көздеп отыр. Ол топырақ құнарлы болу үшін табиғи органикалық биогумус тыңайтқышын қолданған. Бұл қиярдың сапалы өніп шығуына мүмкіндік берген.
Жалпы, әр түбірге 500 грамм биогумус тыңайтқыш себіледі. Оның қара жерді құнарландыруда маңызы зор. Соның әсірінен қияр көшеттері бір сызықтың бойында жайқалып өсіп тұр.
Шаруа иесі бұл кәсіпті ішкі қызығушылықтан бастаған. Әуелі интернеттен жылыжай ісін көріп, артынан 5 млн теңге қаражат құяға шешім қабылдайды. Алдағы уақытта кәсібін дамытып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы техника алуға бел байлап отыр. Айта кетейік, жер асты жылыжайының керегесі құм блогымен қаланып, қысқы жылыту жұмыстары да қарастырылған екен.