Алакөлде қауіпті жағдайға тап болған төрт демалушы құтқарылды
Арнайы жүзу құралдарының көмегімен төрт адам қауіпсіз түрде жағаға жеткізілді.
Жетісу облысындағы Алакөл көлінде құтқарушылар полиция қызметкерімен бірлесіп судағы қауіпті жағдайға тап болған төрт демалушыға көмек көрсетті.
Оқиға туралы хабар Алакөл ауданына қарасты Көктұма ауылы маңындағы Ескара учаскесінен түскен. Мәлімет бойынша, демалушылар байдаркамен көлге шығып, ағысқа тап болған.
Хабарлама келіп түскен бойда Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел-құтқару жасағы оқиға орнына жедел жетті. Құтқарушылар полиция қызметкерімен бірлесіп іздестіру жұмыстарын жүргізіп, демалушыларды жағадан шамамен 1,5 шақырым қашықтықтан тапқан.
Арнайы жүзу құралдарының көмегімен төрт адам қауіпсіз түрде жағаға жеткізілді. Құтқарылғандардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
ТЖМ азаматтарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Мамандар суға шығар алдында ауа райы болжамын мұқият бақылап, міндетті түрде құтқару кеудешелерін пайдалануға кеңес береді.