3 Тамыз 2026, 16:44 Фото: видеодан алынған кадр

Алакөлде катер демалушылармен бірге суға батып кете жаздады: Иесі бес бірдей заңды бұзған

Катердегі жолаушылар аман қалды. Бірақ тексеру барысында қауіпсіздікке қатысты бірнеше өрескел заңбұзушылық анықталды.

Алакөлде суға бата бастаған катердегі жолаушылар дер кезінде құтқарылып, абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиғадан кейін төтенше жағдайлар қызметі мен бақылаушы органдар тексеру жүргізіп, кеме иесінің бірқатар өрескел заңбұзушылыққа жол бергенін анықтады.

Белгілі болғандай, катер жолаушыларды құтқару кеудешелерінсіз тасымалдаған. Бұдан бөлек, тексеру барысында жолаушылар санының рұқсат етілген сыйымдылықтан асып кеткені, кеменің борттық тіркеу нөмірінсіз пайдаланылғаны, жүргізушінің шағын көлемді кемені басқаруға құқығын растайтын куәлігі болмағаны және кеме құжаттарынсыз жүзуге шыққаны анықталды.

Аталған фактілер бойынша кеме иесіне бірден бес әкімшілік хаттама рәсімделді. Катер арнайы тұраққа қойылып, анықталған заңбұзушылықтарды толық жою жөнінде нұсқама берілді. Барлық талап орындалмайынша кеме пайдалануға жіберілмейді әрі иесіне қайтарылмайды.

Қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 582-бабына сәйкес, мұндай заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Атап айтқанда:

* құтқару кеудешесін кимей немесе жолаушыларды құтқару құралдарынсыз тасымалдағаны үшін – 5 АЕК айыппұл;
* кемені басқару құқығынсыз немесе жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін – 10 АЕК;
* кеме құжаттарынсыз басқарғаны үшін – 5 АЕК;
* борттық тіркеу нөмірінсіз пайдалану, сондай-ақ жолаушылар сыйымдылығы талаптарын бұзу сияқты пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін – 15 АЕК-ке дейін айыппұл көзделген.

Мамандар судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе демалыс маусымында шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде құтқару құралдарының болуы, жолаушылар санының белгіленген нормадан аспауы және барлық құжаттың толық болуы – адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі талаптардың бірі.