Бүгiн 2026, 08:41 Фото: pexels.com

Алакөлде дауыл кезінде тоғыз адамнан тұратын отбасы құтқарылды

ТЖМ өкілдері азаматтарға суға шығар алдында ауа райы болжамын міндетті түрде тексеріп, қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертті.

Жетісу облысындағы Алакөл көлінде қатты дауыл салдарынан көпбалалы отбасы қауіпті жағдайға тап болды. Тоғыз адамнан тұратын отбасы, оның ішінде жеті бала, көлдің терең жағына ағып кете жаздаған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жел кенет күшейіп, демалушылар Ақши ауылы маңындағы "Көктем Гранд" демалыс аймағына жақын жерде қалып қойған. Олар өздігінен жағаға қайта алмаған.

Оқиға орнына Ақши ауылының Жедел-құтқару жасағы мен Алакөл ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері дереу жеткен. Құтқарушылар қайықпен барлық демалушыны қауіпсіз жерге жеткізді.

Бақытымызға қарай, зардап шеккендер жоқ. Ешкімге медициналық көмек қажет болмаған.

ТЖМ өкілдері азаматтарға суға шығар алдында ауа райы болжамын міндетті түрде тексеріп, қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертті.