Алакөлде 270 миллионға салынған саябақ 2 жыл өтпей қирап қалған
Тұрғындар жауапты мамандардың жұмыстан кетуін талап етуде, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Аталған саябақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алакөл жағалауына демалуға келген туристерге қолайлы жағдай жасау үшін бой көтерген. Салтанатты ашылу дәл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында өткен. Сондықтан аудандық Қоғамдық келісім кеңесі оған «Тәуелсіздік» атауын берген.
Авторлардың идеясы бойынша төрт гектар жерге 336 орындық амфитеатр, жазғы сахна, жағажай волейболы, футбол және теннис корттары, фитнес алаңдары мен жазғы кафелер салынуы тиіс еді. Жас туристер үшін шағын архитектуралық пішіндер, аттракциондар мен веложолдарды орнату жоспарланған. Алайда бұл жоспар толығымен іске аспаған. Тұрғындардың шамына тиіп отырғаны да осы мәселе.
Бас мердігер ретінде Үшаралға танымал «Алакөл жолдары» ЖШС айналысқан. Әйтсе де олар тапсырыс берушілердің барлық жоспарын жүзеге асыра алмаған сынайлы. Олай дейтініміз қазір мұнда саябақ емес, қираған құрылыстың орны ғана бар.
Саябақтың кіреберісінде бірден көзге түсетіні кепкен қылқанжапырақты ағаштар емес, тіпті тротуарды да есепке алмайсыз, ең өкініштісі «Тәуелсіздік» жазуында құлаған әріптер. Бұл әріптерді түзеуге аудан әкімдігі құлықсыз. Сондықтан оны ауыл тұрғындары «Тәуелсіздік» емес, «Елсіздік» деп атайды.
Тәуелсіз еліміздің рәміздерін, туған жерін құрметтемегені үшін, шаруашылықты дұрыс жүргізбегені үшін Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдиновті мемлекеттік қызметтен қуу керек. Осындай немқұрайлылығы үшін Кеңес заманында түрмеге қамалса, біздің елде орден-медаль беріп жүр. Кіргенде жазудың жоқтығы, оған қоса қираған қоршаулар, бәрін масштабын есептесеңіз мені сөзіме иланар едіңіз. Кірпіш қоршау қирап жатыр. Бұл нысанның пайдалануға берілгеніне азғана уақыт өтті, - дейді ауыл белсендісі Қанат Байболатов.
Аталған мәселені аудан халқы бұрындары да түстеп көрсеткен. Әйтсе де әкімшілік жауапкершіліктен қашып отыр. 270 миллионға салынған саябақтың сормандай хәлі мердігер компанияның жүрдім-бардым әрекетін ашып көрсетіп отыр. Осы мәселеге Алакөл әкімдігінің берген жауабы мынандай.
Ырғайты ауылдық округіне қарасты Ақши ауылы көл жағалауында орналасқан «Тәуелсіздік» саябағы 2020 жылдары салынып, қолданысқа берілген. Алайда осы жылдың 2-3 сәуір күндері 27 м/сек соққан қатты дауыл салдарынан саябақ қоршауы құлап, бірнеше бөлшегіне зақым келген. Осыған орай, «Тәуелсіздік» саябағын қайта қалпына келтіру бойынша арнайы комиссия тобы құрылып, саябақтың қираған жерлеріне ахаулық актісін рәсімдеген. Қазіргі таңда, бюджеттен 1,5 мллион теңге қарастырылып, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігер мекеме анықталып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жоспарға сәйкес бастады. Сонымен қатар, саябақты күтіп ұстау жұмыстарына бюджеттен қаражат бөлінген. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігер «Дарья» жеее кәсіпкерлігі 3,9 миллион теңгеге ұтып алды. Алдағы уақытта бөлінген қаражатқа сәйкес саябақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, - делінген жауапта.
Бұл саябақты қабылдағанда оның сапасына мән бермеген секілді. Себебі ұйытқып соққан желден құлаған қоршаулар кірпіш пен темірден тұрғызылған. Демек шала-шарпы жасағаны көрініп тұр. Оның үстіне көгалдандыру жұмыстары мүлде жүрмеген. Халықтың наразы болатыны сол. Енді тағы бюджеттен ақша бөліп отыр. Ертең тағы дауыл соқса не болатыны белгісіз.
Мен Алакөл ауданынанмын. Қыдырып барған сайын көремін, баяғы кеңес дәуірінен қалған асфальт, ескі нысандар көзге бірден түседі. Алакөл туристік аймақ дегенімен маңайындағы ауылдардың жайы мәз емес. Кеше саябақты көріп, шошыдым. Желге ұшқан халықтың ақшасы, - дейді Биғайша Садықова.
Аталған мәселені алакөлдіктер жылы жауып қойғысы жоқ. Ал аудан әкімі естімегендей һәм көрмегендей сынай танытып отыр. Мердігер компанияның басшылары судан таза, сүттен ақ көңіл күйде.