Алакөлде 1633 адам үй кезегінде тұр
Бүгінде осы мәселені шешу үшін ауылдарда баспана салып жатыр. Жақында Қабанбай елді мекенінде 10 жалдамалы үй әлеуметтік аз қамтылған адамдарға тапсырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жетісуда ауылдық жерлерде де үй кезегінде тұрғандардың саны 10 мыңнан асады. Сондықтан облыс орталығына ғана емес болашағы бар деп бағаланған елді мекендерді де ескеріп, шағын болса да тұрғын үйлер тұрғызылуда. Мәселен, Алакөл ауданына қарасты Қабанбай ауылына осы мақсатта 500 млн-ға жуық қаржы бөлінген. Бұл сомаға үйді ғана салып қоймай, есік алдына жүргізілетін көгалдандыру жұмысы да кіреді.
Құрылыс-монтаж жұмыстары сәулет басқармасынан рұқсат 18.04.2024 жылы алынды. 10 тұрғын үйдің кірпіш қалау жұмыстары мен шатыр жұмыстары аяқталды. Сылақ, стяжка құю, электр тоғын жүргізу жұмыстары атқарылуда. 39 адам еңбектенуде. Жыл соңына дейін тұрғын үйлер дайын болады. Бүгінде құрылыстың 60 пайызына жеттік. Берілген уақыттан кешігіп келе жатқан жоқпыз, - дейді Алакөл аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мақсат Жұлқайнаров.
Бұл құрылыс орнына жауапты компания «Элиф Строй» ЖШС. Мердігер қазан айында үйлерді қолданысқа беруі тиіс. Қазір үйлердің ішкі жұмыстары ғана қалған, қабырғаларын сылап жатыр.
Ауылда үй салынғаны қандай жақсы. Қаншама отбасы, көпбалалы ата-аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, әке-шешесіз қалған балалар баспананы сарыла күтіп отыр. Оның үстіне ауылдағы әлеуметтік аз қамтылған санатындағы азаматтарға үлкен жәрдем болады. Орталыққа жақын, сапалы салынғаны көрініп тұр. Елдің игілігіне жарай берсін. Осыған мұрындық болған азаматтарға көп рақмет, - дейді ауыл тұрғыны Есентай Бектенов.
Айта кетейік, ауданда бұдан да бөлек тұрғын үйлер салу жоспарда бар.