Алакөл жағалауының туристік инфрақұрылымы жақсартылады
Мемлекет басшысының Жетісу облысындағы Алакөл жағалауының туристік инфрақұрылымын және қызмет көрсету сапасын жақсарту туралы тапсырмасына сәйкес бірқатар жүйелі шаралар қабылдануда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атап айтқанда, жағалаудың санитарлық жағдайына ерекше назар аударылып отыр. Көл маңында қоқыс шығару мәселесін шешу үшін ауданы 10 га жерге қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді.
Бұл ретте биыл жазғы маусымда Алакөл көлінің жағалауында қосымша 100 қоқыс контейнері, 40 киім ауыстыратын орын, 40 биодәретхана, 40 құтқару мұнарасы, 13 км буй желілері және 8 пирс орнатылады.
Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен селектор режимінде өткен Үкімет отырысында айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, көл жағалауының аумағын тұрақты күтіп ұстау, санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында «Алакөл Тазалық» коммуналдық кәсіпорны құрылды. Оның материалдық-техникалық базасын жасақтау мақсатында 20 арнайы техника сатып алынды.
Туристік инфрақұрылымды жақсарту мәселесіне келсек, бұған дейін Талдықорған қаласынан Алакөл жағалауына дейінгі, сондай-ақ «Үшарал – Достық» бағытындағы автомобиль жолдары қайта жаңғыртылған болатын. Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағына реконструкция жүргізіліп, ірі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік жасалды.
Бұл ретте өткен жылдың жазғы маусымы барысында Астана жіне Алматы қалаларынан авмарестер субсидияланды. Келесі қадам - әуежайды қайта жаңартудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді.
Сол сияқты Алакөл бағыты бойынша Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Павлодар, Қызылорда қалаларынан 12 пойыз қатынайды. 2023 жылдан бастап «Астана – Достық» бағыты бойынша «Тальго» пойызы іске қосылды.
Былтыр Алакөлдің жағалауында Бескөл мен Ақши ауылдары арасында 57 шақырым электр желісі мен 2 қосалқы станцияның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ Ақши ауылында кәріз жүйесін салу жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы бірінші кезеңі жасалып, кәріз құбырлары толық салынып бітті. Қазіргі кезде көл жағалауын бекіту бөгеті құрылысының бірінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр, екінші кезеңі бойынша жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ал жүзу құралдарының қозғалысын бақылауды күшейту және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыста Жалпы су пайдаланудың қағидалары бекітілді, - деді Б. Исабаев.
Атап өтсек, статистикалық деректерге қарағанда Алакөл көлінің жағасында 277 туристік нысан жұмыс істейді. 2025 жылы 17 жаңа туристік нысан іске қосылған.