Алакөлді құрғату туралы ақпарат шындыққа жанаспайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің Іnstagram-дағы парақшасында жазылған.
Туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында Алакөл жағалауын дамыту жоспары бекітілген. Оған сәйкес, құрылыстың жаңа аймағын қалыптастыру үшін 60 га жер учаскесін игеру жоспарланып отыр. Оның 23,7 га құрайтын сазды батпақты аумағында құрғату жұмыстары жүргізіледі. Ерекше атап кету керек, жобадағы құрғатуға жататын жер учаскесі мен Алакөл көлінің өзіне дейінгі ара қашықтық 200 метрден асады. Осы ретте көлдің 60 гектарын құрғатады деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Ал Дәулет Асанов Facebook әлеуметтік желісінде мұндай мәліметті жариялауына ҚР Су ресурстары Комитетінен алған қате жауап себеп болған.
Бүгін, облыстық әкімдікте жауапты органдармен кездесіп, аталған жобаны талқылаған эколог Дәулет Асанов та бұған көз жеткізді.
Жобаның бастапқыда ойлағанымнан мүлдем өзгеше екеніне көз жеткіздім. Яғни, оның суға еш қатысы жоқ. Біз жоба материалын қарадық, жобалық шешімдерді көрдік. Бұл ретте Су ресурстары жөніндегі комитет тарапынан, айталық, шындыққа онша жақын емес ақпарат бергені белгілі болды. Бұл жерде көлдің өзін емес, жағалау бөлігін құрғату мәселесі қаралып отыр. Әкімдік маған бүкіл жобаны зерттеуге беруге уәде берді, мен оған ризамын. Бүгін біз бұл учаскенің су қорғау белдеуінен тыс жерде орналасқанын көрдік. Белгілерді қарадық, көлге қатысты учаскені 4 метрге көтеру жоспарланып отырғанын естідік, бұл деген, Комитет тарапынан ұсынылған жобадан мүлдем бөлек, - дейді Дәулет Асанов.
"ШҚО Үржар ауданы Алакөл көлінің жағалауына су бұру каналының құрылысымен жерді құрғату" жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өткен және мемлекеттік сараптаманың 28.09.2020 ж. №06-0238/20 оң қорытындысы да бар. Ал қоғамдық тыңдаулар 2019 жылдың 27 қыркүйегінде Қабанбай ауылында өткізілген.
Яғни, ҚР Су кодексінің 125-бабының талаптары бұзылмаған.
Жоспарлы материалдарға сәйкес, жобаланып отырған құрғату учаскесі облыс әкімінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен белгіленген № 466 (су қорғау аймағы - 500 м.және жолақ - 100 м.) су қорғау аймағы шегінде және одан тыс жерде орналасқан. Демек, ҚР Су кодексінің 125-бабы бұзылмаған. Алакөл көлінің өзін құрғату мүмкін емес, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, - дейді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов.
Жоба шеңберінде қоршаған ортаға зиян келтірмей су объектілерінің табиғи жай-күйін сақтауға мүмкіндік беретін су қорғау іс-шаралары көзделеді.
⠀
Учаскенің сазды батпақтығы бірқатар факторларға байланысты, олардың негізгілері: осы учаскенің өте төмен дренаждылығы, өйткені бұл жердегі топырақтың сүзу коэффициенті өте төмен, нәтижесінде су топырақтың төменгі қабаттарына нашар сүзіліп, жер бетінде тұрып қалып, батпақтануды тудырады.