19 Қараша 2026, 12:35 Фото: gov.kz

Алакөл, Қайыңды, Балқаш: Қазақстандағы туристік аймақтардың инфрақұрылымы қалай жаңарып жатыр?

Қазақстанда туристік маусымға дайындық аясында бірқатар өңірде инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Алакөл жағалауын бекіту, Қайыңды көлі мен «Көшпенділер қаласына» апаратын жол салу, Рахман қайнарларына дейінгі жолды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен кейбір жобаларды қаржыландыру мәселесі әлі шешілмеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, биылғы жазғы туристік маусым тиісті деңгейде өткен. Алайда туристер санын одан әрі арттыру үшін инженерлік желілерді дамыту, автомобиль жолдарын салу, жағалауды бекіту және туристік аймақтардың көлік қатынасын жақсарту қажет.

Туристер санын одан әрі арттыру үшін инфрақұрылым мәселелерін жүйелі түрде шешу қажет, – деді Ербол Мырзабосынов.

Алакөл жағалауын бекітуге 17,8 млрд теңге қарастырылған

Абай облысында құны 7,9 млрд теңге болатын «Алакөл – Көктал» электр желісінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаның дайындық деңгейі – 95%.

Жетісу облысында Алакөл жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 17,8 млрд теңгені құрайды. 2025-2026 жылдары оған 5,5 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар Инфрақұрылымдық даму қорынан 10,5 млрд теңге қарастырылған.

Қайыңды мен «Көшпенділер қаласына» апаратын жолдар салынды

Алматы облысында Қайыңды көліне апаратын 9,9 шақырым жол салынды. Жобаның құны – 2,4 млрд теңге. Сондай-ақ «Көшпенділер қаласы» туристік нысанына дейінгі 6,8 шақырым жолдың құрылысы аяқталды. Оған 2,2 млрд теңге жұмсалған.

Шығыс Қазақстан облысында Рахман қайнарларына апаратын 13 шақырым жолға асфальт төселді. Сонымен қатар Қазақстандағы ең биік таулы көпірі бар айналма жол ашылды. Бұл Катонқарағай, Бұқтырма және Алтай бағыттарымен жыл бойы қауіпсіз қатынауға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысында Балқаш-Тораңғылық магистральдық су құбырының құрылысы жалғасып жатыр.

Кейбір жобалардың қаржыландыру мәселесі шешілмеген

Министр кейбір инфрақұрылымдық жобалар бойынша қаржыландыру мәселелері әлі де бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, туристік инфрақұрылымды дамыту тек Туризм және спорт министрлігінің міндеті емес. Қажетті жұмыстардың басым бөлігі әкімдіктер мен жол, электр, су және көлік қатынасына жауапты мемлекеттік органдардың құзыретіне жатады.

Осыған байланысты алдағы міндет – барлық тараптың бірлескен жұмысын қамтамасыз ету.

Инфрақұрылымдық жобалар туристік бизнестің қажеттіліктері мен нақты аумақтардың даму мүмкіндіктерін ескере отырып іске асырылуы тиіс, – деді министр.