Алакөл мен Қапшағайда суға түскендерді ЖИ бақылайды
1 шілдеден бастап катерлер жаппай тексеріледі.
Қазақстанның бірнеше аймағындағы ірі су айдындары мен жағажайларда жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелері іске қосылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім болды.
Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаровтың айтуынша, бұл жүйе су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздікті автоматты түрде қадағалау мақсатында енгізіліп жатыр.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жағалау аймақтарында жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелері кезең-кезеңімен енгізілуде. Қазіргі уақытта аталған смарт-жүйелер Алакөл көлінде, Қапшағай су қоймасында және Алматы қаласының су айдындарында сәтті орнатылып, жұмыс істеп тұр, – деді спикер.
Министрлік өкілінің мәліметінше, биылғы шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін республика бойынша жаппай демалуға арналған 733 рұқсат етілген орын айқындалған. Оның ішінде:
- 257 коммуналдық жағажай;
- 433 жекеменшік жағажай;
- Спорт пен туризмге арналған 19 орын бар.
Сонымен қатар, ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Дидар Қажкенов елімізде 50 мыңнан астам су айдыны бар екенін, оларды тиімді бақылау үшін тәулік бойы 50 құтқару станциясы мен 200 жылжымалы құтқару бекеті кезекшілік ететінін жеткізді.
Баспасөз конференциясында айтылған тағы бір маңызды жаңалық – шағын көлемді кемелерді (катерлер, қайықтар, гидроциклдер) бақылау құзыреті ТЖМ-ге берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, рейдтік шаралар ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Заң бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364, 412 және 440-баптары бойынша қатаң жауапқа тартылмақ.
ТЖМ мамандары адамдардың суда қаза болуына негізінен жүзе алмауы, өз мүмкіндігін дұрыс бағаламауы, балалардың қараусыз қалуы және мас күйде суға түсуі себеп болатынын ескертіп, қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.