Қалааралық автобустар 5 маусымнан бастап қатынайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қалааралық автобустар 5 маусымнан бастап қатынайды. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
2020 жылы 13 мамырда Қазақстан Республикасы аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, 5 маусымынан бастап автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалы қалпына келтіріледі.
Жолаушыларды автобустармен тасымалдау кезінде тасымалдаушылардың тиісті жұмыс алгоритмі Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын ескере отырып әзірленді.
Атап айтқанда, бағдардың соңғы пунктінде автобусқа дезинфекция жүргізу; жолаушыларды салонға маскамен ғана кіргізу; жолаушылардың 1 метр қашықтықты ұстануы; жүргізушіні қолғап, маскамен қамтамасыз ету, оны әрбір 2 сағат сайын ауыстыру; автопарк қызметкерін екі аптада 1 рет СOVID-19-ға теріс нәтиже туралы анықтама болған кезде ғана жұмысқа шығару сияқты талаптар қойылады.
Әкімдіктер жолаушы тасымалы кезінде коронавирус инфекцияның таралуының алдын алуда тиімді болу үшін тасымалдау процесіне қатысушылардың осы алгоритмге сәйкестігін қамтамасыз етуге қажетті шараларды қабылдауы тиіс. Қазіргі уақытта республикада 313 қалааралық бағыт бар. Оларды 610 автобуспен (сыйымдылығы 45-55 орындық III санаттағы автобустар) 88 тасымалдаушы кәсіпорын атқарады.