Фараби-1150: Қай кезеңде болмасын қала – мәдениет пен өркениеттің ошағы – Бақыт Әбжет
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен осы жылы әл-Фараби мен Абайдың мерейтойларының кең ауқымда аталып өту туралы қаулысы шыққаны белгілі.
Қаулыға сәйкес, қазір жер-жерде қазақ даласында дүниеге келген осы екі ұлы перзентке арналған іс-шараларды өз деңгейінде өткізу ісі басталып кетті.
Осыған орай, Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінің Түркология ғылыми зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Бақыт Әбжет Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір азамат адамзат руханиятына үлес қосқан осындай алып тұлғалардың еңбектері жайлы жан-жақты хабардар болуы керек деп есептейді. Оның айтуынша, ғұламаның еңбектерінің халқымызға берері көп.
Біз әл-Фараби бабамыз жайында сөз қозғағанда оның ұрпақты тәрбиелеу жайлы жазған трактаттарына баса мән бергеніміз дұрыс. Біз қай кезде де мұсылман әлемінің бір бөлшегі екендігімізді ұмытпауымыз керек. Ғалымның
еңбектерінде сөз болатындай адамның төрт сипаты, қоғамның және мемлекеттің дамуындағы төрт сипатты баяндау арқылы парасатты басшы басқарған мемлекеттің баянды болатындығы туралы жазған терең тұжырымдары қазіргі кезде біздің қоғамды және ондағы адамдарды тәрбиелеу үшін аса құнды тағылымдық мәні зор. Мұны оқулықтарға енгізсе дұрыс болар еді деп ойлаймын, - деп атап өтті ол.
Жетекші ғылыми қызметкердің пайымынша, Фарабидің қайырымды қала туралы идеясы адамзат баласын сонау ертеден толғандырып келе жатқан өзекті мәселе. Қай кезеңде болмасын қала – мәдениет пен өркениеттің ошағы
деп есептейді.
Қайырымды қала тұрғындары және оны басқару жолдары адамзат баласын сонау ертеден толғандырып келе жатқан өзекті мәселе болып қала бермек. Қазіргі таңда да қалалық жердің экологиясы, қоршаған ортаға қауіп төндіретін зиянды қалдықтармен күресу адамзаттың басты проблемасына айналып отыр. Әл-Фараби бұл еңбегінде адам бақытқа кенелу үшін оған не қажет екендігін, тек қана материалды құндылықтар емес, рухани байлықты басты орынға шығару арқылы адам бұл дүниедегі орнын анықтай алатындығын түсіндіреді. Қайырымды қаланың патшасы мен басшысы қандай сипатқа ие болуы керек, оның шарттары мен қағидаларын анықтап кеткен. Патша болуға лайықты адамның бойындағы нышандары қандай болатындығы, оған қажетті білім мен тәрбиені қалай беру керектігі тәптіштеліп түсіндіріледі. Ізгі қаланы бұзылған қаламен салыстыра отырып оның бұл дүниемен қоса о дүниеде де арқалайтын ауыр күнәларына тоқталады. Заман талабына сай етіп қазір де ғұламаның айтқан ойларын жүзеге асыра отырып, оның "ізгі қалаларда жасап жатқан адамдар мен олардың салғырттығы бұл қалалардың жойылуына себеп болады" деген қағидасын басты принцип ретінде алсақ ұтылмаймыз, - дейді ол.
Бақыт Сырымұлы Фарабидің әлемдік ғылымның дамуы туралы сөз қозғағанда Фарабиді аттап кете алмайтынын, оның "екінші ұстаз" деп атануының өзі тегін еместігін алға тартты.
Исламдағы таухид түсінігін жүйелі түрде әлемге танытқан, ислам философиясының мәнін тәптіштеп түсіндірген бірден-бір ғұлама ғалым қазақ даласынан шыққан Әбу Насыр әл-Фараби екені белгілі. Оның Қазақ даласынан шыққандығын Батыстың да, Шығыстың да ғалымдары қазіргі күнде мойындады. Оны таныту жолында Ақжан Машанов атамыздың сіңірген еңбегі орасан зор болды. Машановтың бір қасиеті әл-Фараби мен Абайдың арасындағы ұқсастықтар мен байланыстар туралы да монографиялық еңбек жазған адам. Жалпы алғанда әл-Фарабидің еңбектерін қазақ ғалымдарына қарағанда батыс философтары тереңдеп зерттеген. Оның тарихтағы бағасын да сол батыстың ғалымдары беріп қойған. Фарабитану ғылымы біздің елімізде енді қолға алына бастады деуге болады. Кеңес дәуірінде Ақжан Машановтан басқа бел шешіп зерттеген іргелі ғалымдар болмады. Қазіргі кезде араб тілін меңгерген онымен қоса ислам философиясымен айналысып жүрген белгілі ғалымдардың шоғыры елімізде баршылық, - деп топшылайды ғалым.
Доцент Бақыт Сырымұлы Фараби еңбектерін жай адам тұрмақ ғылым саласында жүрген ғылым адамының өзі толық түсіне алмайтынын, сондай-ақ, өз мәдениетін ұмытып қалған жастарымыз сырттан кірген жат ағымдардың
айтқан уағыздарына имандай сенуінің кесірінен түрлі келеңсіздіктерге ұрынып жатқанына да алаңдаушылық білдірді.
Тура жолды таба алмай түрлі жат ағымдардың жетегіне кетіп жатқан жастарымыздың өзі сол ата-бабамыз қалыптастырып кеткен, кейін күллі әлем мойындаған Фараби, Ясауи, Абай секілді данышпан бабаларымыздың
ұрпаққа қалдырып кеткен мұраларын игерер болса, онда Фараби айтқандай қайырымды да ізгілікті мемлекет құра аламыз. Оның негізін сонау Х-ХІ ғасырлардың өзінде-ақ ата-бабаларымыз тасқа басып, оның теориялық жақтарын жан-жақты көрсетіп кеткен. Қазіргі таңда өткен тарихымыз бен дәстүрлі мәдениетіміздің құндылықтарын келешек ұрпақтың бойына сіңіре беруіміз керек. Кезінде тіліміз бен дінімізді ұмыттырып, қалыптасқан мәдени құндылықтарымызды жоюға күш салған сыртқы күштердің салдары бізге оңай тиіп жатқан жоқ. Ағаш қанша биік болса да оның тамыры тереңге кетпесе, бір дауыл соққаннан қалмай қопарыла құлайтыны бар. Ал, біздің тарихымыз өте тереңде жатыр, Қазақ даласынан шыққан қаншама ғұламалар, тарихи тұлғалар бар, болашақ ұрпақ сондай аталарымыздың істеген игі істерін еске алып, рухани азық алатындай болуы керек - деді филология ғылымының кандидаты Бақыт Әбжет.