Биыл әл-Фараби мұрасын барынша жария ету қолға алынады
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы әл-Фарабидің 1150 жылдығында іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарға көңіл бөлініп, сол жобалар қаржыландырылса, жақсы болар еді.
Бұл туралы Алматыдағы әл-Фараби орталығының директоры Бекжан Мейірбаев Baq.kz тілшісімен тілдесу кезінде айтты.
Директордың айтуынша, әл-Фараби орталығы Қазақ Ұлттық университетінде 1993 негізі қаланған "Әл-Фараби және қазақ халқының рухани мұрасы" республикалық ғылыми-зерттеу және оқу-білім-беру орталығының негізінде заман талабына сай жаңадан ашылып отырған ұйым.
Алғашқы директоры профессор Ағын Қасымжанов, соңғы кезге дейін профессор Жақыпбек Алтаев басқарды. Бұл орталықтың қызметкерлері мен фарабитанушылар ұлы ғұламаны тану бағытында көптеген ғылыми ізденістер жасады. Ғылыми зерттеу дәстүрін жалғастыра отырып, бүгінгі орталықтың алдына қойған жаңа мақсаттары мен миссиясы бар, - деді ол.
Бекжан Мейірбаев биыл ЮНЕСКО бойынша "әл-Фарабидің 1150 жылдығы" деп танылып отырғандықтан, орталық өз алдына қойып отырған міндеттерінің де артатынын жеткізді.
Биыл тек қана ғылыми-зерттеу ізденістер емес, әл-Фарабидің мұрасын барынша жария етіп, оны көпшілік қауымға барынша қолжетімді ету көздеп отырмыз. Яғни, қолданылатын әдістер мен таратылым формалары да өзгеріп отыр. Соның бірден-бір көрінісі бүгін Халықаралық фарабитанушылар орталығы қызметін атқаратын әл-Фараби орталығының сайтының да тұсаукесері болды. Әлемнің кез келген қолданушысы бұл сайттан әл-Фарабиге қатысты мағлұматтарды ала алады. Ол жерде әл-Фарабиді тану және оның ғылыми еңбектері жайлы ғылыми, деректі, көркем, танымдық ақпараттар бар. Сонымен қатар, бұл сайтта әл-Фарабиге қатысты ғылыми материалдарды жүктеп, оны талқылауға болады. Яғни, комментарий жазып, пікір-талас жасай алады, - дейді орталық директоры.
Сонымен қатар, ол әл-Фарабидің әлі күнге дейін аударылмаған еңбектері бар екенін, алдағы жоспарда оларды қазақ, орыс тілдеріне аудару қарастырылғанын жеткізді.
Орталық директоры сөз арасында әл-Фарабидің 1150 жылдығында іргелі ғылыми жұмыстарға көңіл бөлініп, "солар қаржыландырылса" деген ойын білдірді.
Егер жаңадан тың ізденістер болмаса, бұрынғыны қайталап айтқаннан ештеңе өзгермейді. Сондықтан ең алдымен ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландыру мәселесіне көңіл бөлінсе, жақсы болар еді. Қазіргі ғылыми-инновациялық жобаларға қойылатын басым талап оның прагматикалық, коммерциялық әлеуетінің айқын болуы саналады. Яғни, қайтарымы болмаса, ондай жобалар қаржылай қолдау таппай қалып жатады. Ал мұндай рухани ізденістер материалды нәтижесін тез арада бермеуі де мүмкін, - дейді ол.
Оның айтуынша, жалпы республикалық шаралар жоспарында фарабитану бағытындағы ғылыми-зерттеулерді қолдау аталып өткен, бірақ қаншалықты қаржыландырылатыны белгісіз.
Бұған дейін, ҚР мемлекекттік хатшысының қатысуымен Қазақ Ұлттық университетінде әл-Фараби орталығы ашылғанын хабарлағанбыз.