Алғаш рет «Жақсылық жаса» атты жастар баттлы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін «Арнау» даму орталығы» қоғамдық бірлестігі «Жастар мен балалар арасында қайырымдылықты дәріптеу» жобасы аясында Қазақстанда алғаш рет Халықаралық қайырымдылық күніне арналған «Жақсылық жаса» креативті идеялардың жастар баттлын ұйымдастырды.
Пікірталас ZOOM платформасында онлайн-форматта өтті, сондай-ақ Facebook-те тікелей-эфирде таратылды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің «Парасат» және Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «ҚарМУ» пікір-сайыс клубтары қайырымдылық туралы ой қозғап, белгілі бір көзқарасты, идеяны дәлелдеп, берілген тақырып бойынша мәселені шешу жолдарын ұсынды.
Зияткерлік сайыс барысында команда мүшелері Қазақстанның жастар ортасында қайырымдылықты насихаттау бойынша бірқатар ұсыныстар айтты, атап айтқанда мектептерде қайырымдылықтың факультативтік курсын енгізу идеясы айтылды.
Баттл үш раундтан тұрды: «Идеялар қақтығысы» (кейс тақырыптары – «Жастарды қайырымдылыққа тартудың ең тиімді жолы», «Қайырымдылықтың ең пайдалы түрі»; «Рулетка» (кейс тақырыбы – «Балық немесе Қармақ», позицияны қорғау және теріске шығару); «Сұрақ-жауап».
Баттл жеңімпазы бір аптадан кейін қарапайым көпшілік дауыспен анықталады. Дауыс беру нәтижелері жобаның сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында орналастырылады.
Баттл Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты аясында жүзеге асырылатын «Жастар мен балалар арасында қайырымдылықты дәріптеу» әлеуметтік жобасы шеңберінде өткізілді.