Ақылы жолдан күніне қанша қаражат түседі?

Алматы облысы, BAQ.KZ тілшісі. Республикадағы маңызы бар жолдардың біраз бөлігі қайта жөндеуден өтіп, ақылы жолға айналды. Осы жолдан түскен қаражат қайда жұмсалып жатыр? Жалпы ақылы жолдан күніне қанша қаражат түседі? Осы және өзге де сұрақтарды «ҚазАвтоЖол» мекемесінің өкілдеріне қойған едік.

Алматы облысында ақылы екі жол учаскесі бар. Олар «Алматы-Шелек-Қорғас» және «Алматы-Қапшағай-Талдықорған» жолы. Бұл жолдар жүк көліктерінің жүктемесіне төтеп беру үшін бетоннан жасалған.


«ҚазАвтоЖол» ЖШС-нің «Алматы-Қорғас» ақылы жол бөлігінің басшысы Марат Сырымбай бұл бағытта жүретін көліктен күніне 1 млн 400 мың теңгеге жуық қаражат түсетінін айтады.


«Алматы-Қорғас» ақылы тас жолы 2018 жылы пайдалануға берілген. 295 шақырымды тас жол бірінші дәрежелі 1Б жолына жатады. Күніне 400 мыңнан астам көлік жүреді. Ақылы жолдың тарифі 1-25 теңге аралығында. Жеңіл көліктер 1 шақырымға 1 теңге төлесе, жүк көліктеріне баға басқаша. Ақылы жолдың осы аумағынан күніне 1 млн 400 мың теңге қаражат түседі, - дейді ол.


 Сондай-ақ Сырымбай жолдың бүлінген бөлігін лезде жөндеп, қыста қардан тазартып, тайғақ жерге құм себілетінін айтады.



Көліктен түскен қаражат жолды жөндеуге, оны қалыпты жағдайда ұстап тұруға жұмсалады. Биыл 1200 шаршы метр аумаққа орташа жөндеу жұмысы жасалды. 317 шаршы метр аумақта жолдың жарылуы бітелді. Сондай-ақ 616 шаршы метр аумақты құрайтын асфальт бетонына жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Жақында күннің қатты ысуынан төрт жерде бетон көтеріліп кетті. Оны сол күні қайта жөндедік. Бұл жол Қытайға апаратындықтан, әсіресе жүк көліктері пайдаланады. Алайда пандемия басталғалы көлік ағыны азайды. Бетоннан жасалған жол ауыр жүкке шыдамды, - дейді жолдың басшысы.


Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Расул Амуролаев ақылы жол жүк көлік иелерінің қалтасына салмақ түсіргені болмаса, жеңіл көлік үшін аса қатты білінбейтінін айтады. Оның үстіне жол жөнделгелі тас жолмен жүріп өту уақыты екі есе қысқарған. 

Қазір жолдар жаңарып, бұрынғыға қарағанда жүріп өту уақыты қысқара түсті. Бұрын Шелектен Қорғасқа дейін 6-7 сағат жүрсек, қазір 3 сағатта барамыз. Әрине, жолды осындай әдемі қалпында ұстап тұру үшін ақылы болғаны да дұрыс шығар. Өткенде ақылы жолмен 100 шақырымдай жүріп, бар болғаны 130 теңге төледім. Бұл жеңіл көлікке төлегенім. Аса қатты қымбат емес, есесіне жолды жөндеп отырады, - дейді ол.
Жаңа жолдың бойында жолаушылар үшін қазіргі заманға сай дәретхана, демалыс орындары көптеп салына бастаған.



Соңғы жылдары жол жиегінде осындай 18 тынығу орны салыныпты. Онда кофе ішетін орын, дәретхана, жуынатын орын, жанармай құю бекеті, шағын маркет бар.




«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының Алматы облысы филиалы директорының міндетін атқарушы Болатбек Айтбаев қазір «Алматы-Өскемен» республикалық маңызы бар тас жолдың құрылысы қашан аяқталатынын айтты.


Қазір біз «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» республикалық маңызы бар тас жолдың Алматы облысына қарасты тұсында құрылыс жұмысын жүргізіп жатырмыз. Ол 313 шақырымды жол, оған қоса 180 шақырымды «Үшарал-Достық» жолының құрылысын жүргізіп жатырмыз. Жыл соңына дейін асфальт төсеу жұмыстарын аяқтаймыз, дегенмен жолдың жақтауларын және басқа да жұмыстары жалғасады. Тек 2022 жылы толық пайдалануға беріледі, - деді ол.


Алматыдан Алакөлге баратын жолдың халықты азапқа салатыны бұрыннан айтылып келе жатыр.



Дегенмен жол салушылар халық сәл сабырлық танытқан әлі-ақ тақтайдай түзу жолмен жүйіткитін болады деп отыр. Аталған мекеме жұмысшылары сол үдеден шығу үшін күннің 40 градус ыстығына қарамастан еңбек етіп жатыр.



Бұған дейін «Алматы-Өскемен» тас жолының 20-шақырымында намазхана мен душы бар жанға жайлы кешен салынғаны туралы хабарлағанбыз.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы