«Ақылды» аурухана қалай жұмыс істеуде?
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» шеңберінде салынған жаңа модульдік ауруханада Covid-19 індетін жұқтырған науқастарды емдеуде цифрлық технологиялар қолданылуда.
Аурухана 180 стационарлық және 20 реанимациялық төсек-орынға есептелген.
Инфекциялық аурулар орталығының жетекшісі Сәуле Жұматаеваның айтуынша, палаталар жайлы, ауызсумен қамтылған. Жарық сөнген жағдайда резервтік электр желісі бар. Ауаны желдету мен фильтрлеу жүйесі пациенттер үшін де, қызметкерлер үшін де вирусты жұқтыру қаупін азайтады.
Клиника түрлі инфекциялық аурулары бар пациенттерді, оның ішінде коронавирустық инфекциясы бар пациенттерді қабылдауға және емдеуге арналған. Мұнда дәрігерлер мен пациенттердің жайылығы үшін бар жағдай жасалған. Әрбір бокс-палатаның желдету жүйелері бар. Бұл ауруханада жұқпалы аурулар қауіпісіздігі қатаң сақталған. Әр бөлімше өздігімен жұмыс жасайды. Есіктері де бөлек. Мұнда ауаны тазарту жүйесі жақсы жұмыс істеп тұрғандықтан, бір-біріне жұғу қаупі жоқ. Тіпті кәріз жүйесінен шыққан және медициналық қалдықтар да залалсыздандырылып отырады, – деп түсіндірді Сәуле Жұматаева.
Көпсалалы қалалық аурухананың бас дәрігері Нариман Сыздықовтың айтуынша, қосымша 10 реанимациялық орынға арналған қарқынды терапия палаталары есебінен реанимацияны кеңейту мүмкіндігі бар.
Жұқпалы аурулар орталығының дәрігерлеріне диагностика тұрғысынан да үлкен мүмкіндіктер берілген. Орталықта «Philips» фирмасының 32 кесімді компьютерлік томографы орнатылған, УДЗ аппараты және сандық рентген-диагностикалық аппараты бар. Ауруханада пациенттерден байланыссыз қан талдауын жинау да ойластырылған, бұл да медицина қызметкерлерін жүз пайыз қорғауды қамтамасыз етуі тиіс. Жоба бойынша асхана болмағандықтан, тағамдар қалалық ауруханадан жеткізіледі. Заманауи мониторлар реанимация блогындағы пациенттердің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылайды, - дейді Нариман Сыздықов.
Орталық дәрігерлерінің айтуынша, бұл әдіс өте сапалы кескін береді, оны сақтау оңай, ал әртүрлі режимдер сапалы және жылдам жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Жүйенің цифрлық болуы да ыңғайлы. Басқа қалалардағы әріптестермен кеңес өткізуге де болады. Бұл нысан құрылыс кезеңінде де «ақылды» аурухана жобасына негізделді. Диспетчерлендірудің электрондық жүйесі электрмен жабдықтау, желдету, байланыс деректерін жинайды және оларды ахуалдық кабинетке шоғырландырады. Ситуациялық кабинеттің мониторларынан бәрін көре аласыз. Мұнда нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін аурухананың инженерлік желілерінің сызбалары және пациенттер туралы мәліметтер бар. Модульдік аурухананың барлық төсек-орыны медициналық газбен жабдықталды. Яғни дем жетпей жатқан науқасқа мүмкіндігінше жағдай жасалған. Әр науқастың хал-жағдайы мониторда көрсетіліп тұрады. Оның тәулік бойғы жәй-күйін салыстырып қарап отыруға болады, – дейді орталық жетекшісі Сәуле Жұматаева.
Орталықта 137 маманнан құралған штат жұмыс істеуде, Нұр-Сұлтан, Щучинск қалаларынан тартылған дәрігерлер де бар. Медициналық ұжымның басым бөлігін Көкшетау көпсалалы қалалық ауруханасының тәжірибелі, жоғары білікті дәрігерлері мен медбикелері құрайды. Карантин кезінде олар мыңдаған науқасты емдеді, коронавируспен күресте үлкен тәжірибе жинады.
Әрине, бұл жерде жұмыс тәртібі ерекше. Біздің басты мақсатымыз – инфекцияның таралуына жол бермеу, жұқпалы ауруларды толығымен оқшаулау, олардың халықпен байланысын болдырмау. Сондықтан пандемия кезінде орталық қызметкерлері вахталық әдіспен – 14 күн жұмыс істейтін болады, - дейді Сәуле Жұматаева.
Бүгінгі күні орталықта жұмыс тәжірибесі бар медицина қызметкерлері бригадасы жасақталған. Олар «Елікті» тау шаңғысы базасында тұрады, қызметкерлер арнайы автокөлікпен жеткізіледі. Облыстың бас инфекционисті пандемия тоқтағаннан кейін де жаңа орталық базасында барлық гепатологиялық, паразитологиялық аурулар біріктірілетінін айтады.