Ақтөбеде ұландықтар ерлікпен қаза тапқан батырларға тағзым етті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 5 маусым күні Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде 5 жыл бұрынғы террорлық шабуыл кезінде ерлікпен қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алды.
Айтулы іс-шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Павел Ситников, ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының спорт командасын дайындау жөніндегі бас жаттықтырушы полковник Сәтжан Әбішев, бөлім командирі полковник Мирас Тұрдалин, өңірдің құқық қорғау органдарының басшылары, бөлім ардагерлері, сол оқиғаларға қатысушылар, 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері аға сержант Ғабит Балжанов, кіші сержант Саттыбай Рахмет, ефрейторлар Жеңіс Табынбаев, Еламан Жанділдаев, лаңкестерге қарсы тұруда ерлік пен батылдық танытып қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналары, майор Даниель Майлыбаевтың әкесі Ақарыс пен анасы Гүлістан, кіші сержант Берік Қалиевтің анасы, Гүлжан Ерепова, қатардағы жауынгер Сапар Досболдың әкесі Еркімбек Әбдіқадыров қатысты.
Бес жыл бұрын болған қайылы оқиға ел жадында. Бейбіт уақытта полицейлермен, әскери қызметкерлеріміз жанын беріп, қауіптің алдын алды. Осынау қарулы қарсыласпен қақтығыс кезінде 6655 әскери бөлімінің үш әскери қызметшісі майор Даниель Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев, қатардағы жауынгер Досбол Сапар әскери қалашыққа шабуыл жасаған кезде батылдық пен жанқиярлық танытып, оқиға орнында ерлікпен қаза тауып, 6 әскери адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Біреуге бала, біреуге әке болған азаматтарымыздан айрылдық. Азаматтық борышын өтеу жолында ерлікпен қаза тапқан марқұмдардың туыстарының алдында басымды иемін. Олардың есімі ел жадында. Өшпес ерлік ұмытылмайды. Елімізде тек тыныштық болсын, - деді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.Ерлікпен қаза тапқан марқұмның анасы Гүлістан Алламбергенова баласының жоқ екеніне әлі сенбейтінін айтты.
Бес жыл бұрын елде болмаған жағдай болды. Халықтың қабырғасын қайыстырды. Біз баламыздың арамызда жоқ екеніне әлі күнге сенбейміз. Артында қалған төрт баласы да әкелерінің жоқ екенін мойындағысы келмейді. Ерлікпен қаза тапқан баламызды тірі деп санаймыз. Мен үшін ол тірі. Елде тек тыныштық болсын, - дейді ол.Ал марқұм Берікжан Қалиевтың анасы Гүлжан Еренова әскери формадағы балаларды көргенде көзіне жас келетінін айтты.
Алдымнан балам шығатын секілді. Әскери формадағы балаларды көргенде көзім жасымды тия алмаймын. Анаға баланың қайғысынан артық қасірет жоқ. Балам өте қарапайым, ақжүрек жан еді. Алға қойған арман-мақсаттары көп болатын. Берікжаным атына заты сай антына берік екенін көрсетті. Баламның ерлігін паш етіп жатқан Ұлттық ұлан басшылығына аналық алғысымды айтамын. Балам өсіп-өнген жерінде оның есімімен көшенің аты аталса деген тілегім бар, - дейді ол.
Қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу үшін құқық қорғау органдарының басшылары, қонақтар мен әскери қызметшілер бөлім аумағында орнатылған мемориалға гүл шоқтарын қойды, сондай-ақ қаза тапқан ұландықтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Еске салайық, 2016 жылғы 5 маусым күні сағат 14.35 минутта қарулы лаңкестер тобы қару-жарақты қолға түсіріп, өздерінің қитұрқы әрекеттерін іске асыру мақсатымен Ақтөбе қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 6655 әскери бөліміне шабуыл жасаған болатын.
6655 әскери бөлім әскери қызметшілерінің сенімді іс-әрекеттері мен табандылықтарының арқасында шабуылдаушы топтың мақсаты жүзеге аспай, олардың қылмыстық іс-әрекеттерінің жолы кесіледі.
Қарулы қақтығыста алғашқы ұрысты өздеріне қабылдаған майор Даниэль Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев және қатардағы Досбол Сапар жанқиярлық ерлікпен қаза табады.
Әскери міндетін орындауда көрсеткен ерен ерлігі мен қайтпас қайсарлықтары үшін майор Даниэль Майлыбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен (қайтыс болғаннан кейін), кіші сержант Берікжан Қалиев (қайтыс болғаннан кейін), қатардағы Досбол Сапар (қайтыс болғаннан кейін), қатардағы Бақтияр Қайырбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталса, қатардағылар Сырым Сүндетов пен Денис Чернышов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталған болатын.
ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен бөлімнің тоғыз әскери қызметшісі аға сержант Ғабит Бальжанов, бөлім медициналық пунктінің фельдшері сержант Ирина Балмағамбетова, сержант Сатыбай Рахмет, ефрейтор Еламан Жанділдаев, ефрейтор Жеңіс Табынбаев, қатардағы жауынгерлер Артем Авдеев, Ілияс Қарақойшыев, Ақжол Шайсұлтан, Исламжан Тұрсын «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Одан кейін ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының 2016 жылғы 22 маусымдағы бұйрығымен әскери борышын орындау кезінде ерлік жасаған және қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу мақсатында тізімге мәңгі енгізілді: 6655 әскери бөлімінің 2 атқыштар ротасы кіші сержант Қалиев Берікжан Ерланұлы, 6655 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальонының жедел мақсаттағы ротасы қатардағы жауынгер Сапар Досбол Еркінбекұлы.
Ал 2017 жылғы 10 қаңтарда 2016 жылғы 5 маусымда қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу үшін мемориалдық тақта ашылды.
Сондай-ақ 2017 жылдан бастап жыл сайын 2016 жылғы 5 маусымда әскери борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің батылдығы мен ерлігіне арналған ҚР Ұлттық ұланының біріншілігіне самбо күресінен турнир өткізіліп келеді.