Ақтөбе полицейлері такси жүргізушісін өлтіргендерді ұстады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде екі ер адам такси жүргізушісін өлтіріп, оның көлігімен бірнеше жол-көлік апатын жасаған, деп хабарлады Polisia.kz.
Полицияға "Hyundai" автокөлігінің жүргізушісі қашықтықты сақтамай, алда келе жатқан жеңіл автокөлікпен соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткені туралы хабарлама келіп түсті.
Бейнебақылау камераларының көмегімен аталған көліктің орналасқан жері анықталды. Оның қозғалыс жолын ЖБО-ның операторы рация бойынша полиция нарядтарына хабарлады. Патрульдік экипаждардың бірі көлікті тауып, жүргізушіден қозғалысты тоқтатуды талап етті, бірақ ол бағынбай, жасырына бастады. Полиция қуғынынан қашуға тырысқан тәртіп бұзушы қарсы қозғалыс жолағына шығып, "Toyota Land Cruiser-200" автокөлігімен соқтығысты, – деді Ақтөбе қалалық Полиция басқармасының бастығы Бауыржан Атабаев.
Мас күйінде көлікте екі ер адам болған, олардың біреуі 19, екіншісі 37 жаста. Деректер базасын тексеру барысында көлік құралы басқа адамға тиесілі екені анықталды. Сондықтан полицейлер ұсталғандарды тергей бастады.
Көлікті тексеру кезінде рөл мен жердегі қоңыр дақтар күдік тудырды. Дақтар артқы орындықтың жамылғыларында да болды, кейінірек полиция қызметкерлері салоннан қанды пышақты тапты. Кейін ұсталғандардың бірі бірнеше сағат бұрын жүргізушіні өлтіріп, осы көлікті ұрлап кеткенін мойындады. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі "Адам өлтіру" және 192-бабының 3-бөлігі "Қарақшылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қылмыс жасаған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.