Ақтөбеде медбике 67 адамға жалған вакцинация құжатын жасаған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде медбике 67 адамға жалған вакцинация құжатын жасаған, деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Ақтөбе қаласының емханаларының бірінде жұмыс істейтін медбике өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, “COVID-19” вакцинациясының тізімдемесіне 67 адамның деректерін заңсыз түрде енгізген.
Тергеу барысында медбике әрбір жалған құжат үшін әр адамнан 15 мың теңге сомасында ақшалай сыйақы алғанын айтты. Аталған факті негізінде ҚР ҚК-нің 385-бабының 2-бөлігі (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу) және ҚР ҚК-нің 247-бабының 1,2-бөлігі (Заңсыз сыйақы алу) бойынша сотқа жолданды.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті заңсыз сыйақы алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін еске салады. Сондай-ақ вакцинация туралы жалған анықтамаларды сатып алғанда, сіз өзіңізге және жақындарыңызға қауіп төндіресіз.