Ақтөбеде көне діни жәдігер табылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті жанындағы «Руханият» мұражайына көне жәдігер жеткізілді, деп хабарлайды muftyat.kz.
Хромтау ауданы, Тасөткел ауылының тұрғыны Серік Әбдіжами есімді азаматтың бастауымен жүргізілген «Қарамола-Көбентау» экспедиция тобының зерттеу жұмыстары нәтижесінде аталмыш ауыл маңындағы ескі қабірдің қабырғасына жасырылған діни кітаптар табылған. Қабір басына барған топ мүшесі Хромтау ауданының бас имамы Ерік Сұлтанов Құран оқып, сауабын қабір иесіне бағыштады.
«Руханият» мұражайына жеткен көне араб тілінде жазылған кітаптармен таныса келе Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан БАҚ өкілдеріне аталмыш еңбектердің Ханафи мәзһабы негізінде жазылған исламның құқық негіздерін қамтыған фиқһ кітаптары және араб тілі грамматикасы еңбектері екенін хабарлады.
Бұл жердегі басты назар аударатын нәрсе діни кітаптардың мазмұнына үңілер болсақ бабаларымыздың дәстүрлі ханафи мәзһабын ұстанғандығын түсінуге болады. Қазақ даласына Ислам діні тәуелсіздік алған соң келген деп айтып жүрген кейбіреулердің алып-қашпа әңгімелеріне тоқтау салатын тағы да айқын дәлел. Сондай-ақ, Тасөткел ауылының тарихы тереңде жатқанын және киелі жер екенін аңғартады, – дейді бас имам Төлеби Оспан.
Алдын ала болжам бойынша кітап ертеде бұзылған мешіттің меншігінде болған шариғатты оқыту құралы болуы мүмкін. Кітаптың шығу мерзімі бес жүз жылды құрайды деген болжам айтылды. Алайда кітапты жасыру кезінде сыртына оралған газеттің бетінен 06 мамыр, 1963 жыл деген жазу болған. Демек, кітап бергі уақыттарда жасырылған.
Құнды жәдігерге арнайы мамандар реставрация жасап, тереңірек зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық музей қызметкерлеріне жіберілді. Зерттеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін діни еңбектердің нақты бағасы беріліп, «Нұр Ғасыр» мешітінің жанында орналасқан Ақтөбе облыстық «Руханият» музейіне тапсырылады.