Ақтөбеде 17 апатты үйдің тұрғындары жаңа үйге көшіріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңір басшысы тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын жаңа көп қабатты тұрғын үйлерге қоныстандыру бойынша жүзеге асатын жұмыстармен танысты, деп хабарлады Aktobenews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі Мавр Абдуллиннің айтуынша Ақтөбе қаласының тұрғын үй қорына талдау жүргізілген. Мамандандырылған ұйым 1801 көп қабатты тұрғын үйдің 17-не «апатты» деген қорытынды шығарған. Тұрғындар тозығы жеткен үйлерді бұзуға келісім беріп, 8 пәтер сатып алынған. Құны 57 млн 600 мың теңгені құрады. Мердігер ұйым көп пәтерлі тұрғын үйді бұзып, 54 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Жастар құрылыс» компаниясы 17 апатты жағдайдағы үй тұрғындарын Жаңақоныс ауылына көшіріп, 250 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отыр
«Құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында әсіресе коммуналдық саланың сапасына ерекше назар аударылсын. Жарық, су, газ мәселесінен тұрғындар қиындық көрмеуі қажет, Сондай-ақ, бұзылған үйлердің қалған жерлері бос жатпауы керек»,- деді облыс әкімі.