Ақтөбе облысының Сарыбұлақ ауылына газ тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының Қобда ауданы Сарыбұлақ ауылын газдандыру жұмыстары жүргізілді. 640 тұрғынды газбен қамтамасыз етуге мемлекет 279 млн теңге жұмсады. Газ құбырын іске қосу рәсіміне облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты, деп хабарлады облыс әкімінің баспаөз қызметі.

Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамыту туралы тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысында ауылдарды газдандыру, оларды сумен және басқа да игіліктермен қамтамасыз ету бойынша ауқымды іс-шаралар жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, - деді облыс әкімі.
Айта кетейік, ағымдағы жылы өңірде газбен жабдықтау жобаларын іске асыруға 5,9 млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде, жыл қорытындысы бойынша көгілдір отын 14 ауылдың тұрғындарына қолжетімді болады. Бұл халықты газбен қамтуды 92,6% - ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі ауданға жұмыс сапары барысында жол инфрақұрылымын дамыту бойынша бірқатар жобалардың іске асырылуымен танысты. Атап айтқанда, Оңдасын Оразалин Талдысай және Қобда елді мекендерінде, И.Білтабанов атындағы ауылда кентішілік жолдарды жөндеу барысын қарап шықты.

Облыс әкімі аудан басшылығына ауылда өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды қатаң бақылауда ұстауды және толық іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Жақсы инфрақұрылымы бар, үлкен жолдардың бойында орналасқан елді мекендер көші-қон үшін сұранысқа ие болуда, мұнда халық саны өсуде. Біз олар үшін жағдай жасауымыз керек. Көшелер, денсаулық сақтау нысандары, жолдар, мектептер, спорт ғимараттары - мұның бәрі ауылда тұратын адамдар қалалықтардың қызмет көрсетулеріне қол жеткізуі үшін қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес болуы тиіс, - деді Оңдасын Оразалин.

Қобда ауданында облыс әкімі сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон құрылысының барысын қарап шықты. Оны қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Полигонның қуаты 45 мың текше метрді құрайды. Болжам бойынша, аталған көлем полигонды 15 жыл бойы пайдалануға мүмкіндік береді, одан әрі оны кеңейту көзделген. Осы жылдың қазан айында Мәртөк және Байғанин аудандарында осындай екі полигонның құрылысы аяқталады.

11 қыркүйек күні Қобда ауданында өрт сөндіру депосы ашылды.
Ақтөбе облысының әкімдігіне алғыс білдіреміз. Жыл соңына дейін облыс бойынша 6 өрт сөндіру депосының құрылысы аяқталып, 23 бірлік өртке қарсы техника мен ұзындығы 63 метр автосаты сатып алынды, - деп хабарлады Ақтөбе облысы ТЖД басшысы Марғұлан Аманбаев.
Айта кету керек, Қобда ауданындағы депо жол талғамайтын көлікпен, сондай-ақ қысқы уақытта Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолында авариялық - құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған 25 тонналық автокранмен жабдықталған.
Көбінесе көктайғақта бұл жолда ауыр жүк көліктері аударылып, оларды көтеру үшін автокран қажет, - деп нақтылады Марғұлан Аманбаев.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы