Ақтөбе облысының кешенді дамуына 567 млрд теңге бөлінеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ақтөбе облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары таныстырылған Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты.
Кешенді жоспар алты бағыттан тұратын 36 іс-шараны қамтиды. Жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 567 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық бюджеттен 64,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 7,4 млрд теңге, жеке инвестициялар 478,7 млрд теңге, МЖӘ аясында 16,6 млрд теңге бар, - деді ол.
Министр айтқандай, Ақтөбе агломерациясын дамыту аясында 119,6 млрд теңгеге 13 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.
Халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту мақсатында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады. Кешенді жоспардың екінші бөлігі бойынша мұнай-газ саласында газ өңдеу кешенін салу, кен игеретін орындар ашу жоспарланып отыр, - деді ол.
Ерғалиев айтқандай, жобаларды қаржыландыру 48,3 млрд теңгеге жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.