Ақтөбе облысының 18 ауылында 26 жоба жүзеге асырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл облыс экономикасының өсімін 4,1% қамтамасыз ету күтілуде.   Ақтөбе облыстық әкімдігінде өткен жиында халықты жұмыспен қамтамасыз ету, бюджетті жоспарлау және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйентаева 2020 жылы тұрақты жүргізілген мониторинг нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсуін, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету мүмкін болғанын баяндады. Биылғы жылы облыс экономикасының өсімін 4,1% қамтамасыз ету міндеті тұр.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 18 ауылда 2,1 миллиард теңгенің 26 жобасы жүзеге асырылады. Салынған және жаңғыртылған нысандар 40 мың тұрғынның өмір сүру сапасын жақсартады және 393 жұмыс орнын ашады. 2021 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыруға 13,9 млрд.теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында 41 жоба жүзеге асырылады.

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова 2020 жылы халықтың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз ету, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру оң нәтиже бергенін айтты. Барлығы 23 007 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 56,3% тұрақты жұмыс орындары.

Өткен жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде 1124 ақтөбелік отбасының табыс деңгейі өсті: бір бөлігі жұмыспен қамтылды, басқалары гранттарды қолданып, өз бизнестерін бастады. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту керек: біздің міндетіміз – жұмыс табу, кәсіпкерлікті дамыту. Атаулы әлеуметтік көмекпен үй алуға қаржы жинауға тырысатындар бар, біздің қолдауымызға сеніп жұмыс жасағысы келмейтіндер де бар. Осыған байланысты тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Мемлекеттік қолдау тәуелділікті туғызбауы керек, - деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы