Ақтөбе облысындағы шошқа фермасы жабылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қожалық қоймалары сот шешімімен жабылып, шошқа союға түбегейлі тыйым салынды. Бұл туралы КТК хабарлады.

Бестамақ ауылының тұрғындары шу көтерген соң, тексеру жүргізген Экология департаменті сотқа жүгінген еді. Өйткені фермада сойылған шошқаның бар қалдығын өзенге ағызып, сүйек-саяғын ауыл маңына көміп келген.

Шошқа фермасының иелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол да сотта қаралып жатыр. Ал әзірге экологтардың шағымымен экономикалық сот қожалықтың рұқсат қағазын тартып алды.

Оған дейін әкімшілік сот шошқа өсіруші кәсіпкерге 7 млрд көлемінде айыппұл салған, ал оны әлі күнге дейін төлемеген.

Серіктестіктің шаруашылық жүргізу қызметінің өндірістік ағынды суды сақтау қоймаларына және жер бедеріне жіберу, биологиялық қалдықтарды сақтау қоймасын пайдаланудағы кемшіліктерді қалпына келтірілгенге дейін тоқтатылды. Сонымен қатар, жауапкер қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттан айырылды. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы жойылды, – деді Ақтөбе облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз хатшысы Халима Оразова.

Бестамақтағы шошқа дауы ферма қызметкерлерінің табиғатты ластап, қалдықты оңды-солды шашқанынан басталған. 
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы