Ақтөбе облысында бес айда 13 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақтағы 30 мыңнан аса маманның еңбекақысы 15%-ға өсті. Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Халықтың жұмыспен қамтылуы және олардың табыстарын сақтау біздің басты міндеттеріміздің бірі болып табылады. Бүгінгі күні облыста жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайды, бес айда 13 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылса, оның жартысы тұрақты. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі де орташа республикалық деңгейден – 2,5% төмен. Жалпы, биылғы жылы 53 мың жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды еңбекпен қамту жоспарланып отыр, – деді облыс әкімі.

Есепті кезеңде облыста орташа айлық еңбекақы 196 мың теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,5%-ға артық.

Соның ішінде, жыл басынан бері қырықтан астам ірі және орта кәсіпорындардың 30 мыңнан аса жұмысшының еңбекақысын орташа 15%-ға өсіруінің арқасында қол жетті, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік саясатын іске асыру аясында жыл басынан бері 24 мыңға жуық азамат 710 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алды, 1 жастан 6 жасқа дейінгі 5,7 мыңдай балаға жалпы сомасы 161 млн теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік көмек берілді.  Жергілікті деңгейде қосымша қолдау көрсету мақсатында 13 мыңға жуық азаматқа түрлі жеңілдіктер, қосымша төлемдер мен 702 млн теңге көлемінде өтемақылар берілді. Сонымен қатар, биыл 14,5 мың мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қолдауға 3,1 млрд теңге бөлінген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы