Ақтөбе облысында 17 мың жаңа жұмыс орны ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысында 2021 жылдың бірінші жарты жылы ішінде 17 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғани Өтепбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
11 тамыз, сәрсенбі күні облыстық мәслихаттың төртінші сессиясы өтті.Сессия кезінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин депутаттарға өңірдің өткен жарты жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қортыныдысын таныстырды.
Өңір басшысы облыста жыл басынан бері экономикалық өсімнің кезең-кезеңмен қалпына келтіріліп жатқаны байқалатынын атап өтті. Барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қамтамасыз етілген, өңірдің экономикалық өсімінің қысқа мерзімді қарқыны шамамен 105,5% құрайды, биылғы жылдың маусым айындағы инфляциясы орташа республикалық деңгейден төмен – 104,4% (ҚР – 104,6%).
Есептік кезеңде 17 мыңнан аса жұмыс орны құрылды, облыстағы орташа айлық еңбекақы 204,7 мың теңгеге жетіп, 18,6%-ға, ал нақты еңбекақы – 110,1% өсті.
Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 108,2% немесе 997,2 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығының былтырмен салыстырғанда
2,6% өскені байқалады.
Оңдасын Оразалин облыстың алдында астық жинау жұмыстарын сапалы жүргізу міндеті тұрғанын атап өтіп, Ақтөбе қаласы мен барлық аудандардың әкімдеріне ауыл шаруашылығының барлық салаларына цифрлық технологияны енгізу жұмыстарын, соның ішінде смарт-фермалар ашуды жандандыруды тапсырды.
Өңір басшысы сондай-ақ осы жылға облыстық, аудандық, жергілікті маңызы бар 451 шақырым жолды жөндеу, 28 сумен жабдықтау жобасын жүзеге асыру және 14 елді мекенге газ қосу жоспарланғанын айтты.
Азаматтардың өмір сүру деңгейін одан әрі жақсарту мақсатында сессия барысында қала маңындағы елді мекендерді инженерлік инфрақұрылыммен (сумен, газбен, электрмен және т.б.) қамтамасыз ету үшін қосымша қаражат бөлу туралы ұсыныс қаралды. Өңір басшысы бұл бастаманы бірауыздан қолдаған депутаттарға алғысын білдірді.
Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша 367 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1,1 миллион м2 тұрғын үйге жеткізу жоспарланып отыр.
Бұл мақсатқа «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асырып, тұрғын үйді барлық қаржыландыру көздері есебінен белсенді түрде салғанда қол жетеді, – деп қосты Оңдасын Оразалин.Білім беру саласында да оң үрдіс байқалады. Қазіргі уақытта үш ауысымдық және апатты, ескі мектептерді жою үшін 16 мектеп пен 4 қосалқы ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін кемінде 10 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Айта кету керек, «Нұр Отан» партиясының «Өзгерістер жолы: барлығына лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында 5 жыл ішінде облыста 282 мектеп, оның ішінде биыл 58 білім беру ұйымы жаңартылады.
Облыс әкімі соңғы уақытта коронавирус жұқтырғандар саны күрт өскенін еске сала отырып, жергілікті атқарушы органдардың барлық күштері эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталды деп сендірді.
Облыста 14 компьютерлік томография және 64 рентген аппараты, 377 өкпені жасанды желдеткіш және 580-ден астам оттегі концентраторы бар. Бұл ретте бюджет қаражаты есебінен медициналық мекемелерге 24 бірлік жедел жәрдем көлігі мен қаржылық лизинг арқылы 41 реанимобиль сатып алынды. Медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының екі айлық қоры бар.
Екінші жартыжылдықта біздің назар әлеуметтік маңызы бар азық -түлік тауарларының бағасын ұстап тұру шараларын жүзеге асыруға, инвестициялардың келуін ұлғайтуға, өңдеу секторының өсуі мен дамуы есебінен экономика құрылымын одан әрі әртараптандыруға бағытталатын болады. Біз халықты вакцинациялаудың жоғары қарқынын сақтауға және эпидемияға қарсы шараларды жалғастыруға бет алдық. Мемлекет басшысының ақтөбеліктердің өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмасын тек билік қана емес, сонымен бірге қоғам да бірлесіп күш сала алады. Тек осы жағдайда ғана біз облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартып, облыс тұрғындарының жайлы өмір сүруін қамтамасыз ете аламыз, – деді сөзін аяқтаған Оңдасын Оразалин.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Елордада ер адам 5-қабаттан құлап кетті
Келесі жаңалық
Қарулы күштерде ЖЖМ қызметіне қатысты нұсқаулық бекітіледі
Өзгелердің жаңалығы