«Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» автожолы 9 метрге дейін кеңейтіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысында ұзындығы 319 шақырымдық «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» республикалық маңызы бар автожол учаскесін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 

Аталмыш автомобиль жолы Орталық Азияны Еуропамен, сондай-ақ Ресей Федерациясымен қосатын халықаралық дәліз. Қайта жаңартудан кейін бұл көлік жолының ені 9 метрге дейін кеңейтіліп, қозғалыс жылдамдығы сағатына 120 км дейін рұқсат етілген II техникалық санаттағы күре жол болады. 

«Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астрахань)» автожолын жөндеу жұмыстары 7 учаскеге бөлінген. Қазір оның 1 учаскесінде жұмыстар аяқталды, қалған  ұзындығы 230 шақырымды құрайтын 4 учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жол бөліктерін қайта жаңартуға халықаралық қаржы институттарын, оның ішінде Азия даму банкінен қаражат тартылды», - делінген таратылған ақпаратта. 

Ақтөбе-Қандыағаш учаскесі бойынша жобаға сәйкес жолды ІІІ техникалық санаттан төрт жолақты қозғалысы бар І техникалық санатқа ауыстыру туралы техникалық шешімдер қабылданды. Қазіргі уақытта мердігер компанияны анықтау бойынша конкурстық құжаттама әзірленуде. 

Халықаралық транзит дәлізін қайта жаңартудың арқасында Қазақстанның  Қытай, Ресей және Батыс Еуропа елдері арасындағы транзиттік ағынның және тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы