21 Тамыз 2026, 01:35 Фото: Bobby Yip / Reuters

Активтерді жымқыру және парақорлық: Қытайлық миллиардер өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Evergrande-дің басқа да бұрынғы басшылары, соның ішінде Хуэйдің екі ұлы да 22 айдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.

Қытайдың жылжымайтын мүлік саласындағы алпауыт компаниясы Evergrande Group-тың негізін қалаушы Хуэй Ка Ян (Сюй Цзяинь) өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оның жеке мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарылды, деп хабарлады ВВС.

Шэньчжэнь қаласының аралық халық сотының мәліметінше, Хуэй Ка Ян сәуір айында компания активтерін жымқыру және корпоративтік парақорлық сияқты бірнеше айып бойынша кінәсін мойындаған.

Сот оның бұрынғы компанияларына құжаттарды бұрмалау, қарыз көлемін жасыру және басқа да заң бұзушылықтар үшін жалпы 15,82 млрд юань (шамамен 2,35 млрд доллар) айыппұл салды.

Сот Evergrande негізін қалаушы мен оның компаниялары Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығының жұмысына елеулі нұқсан келтіріп, айтарлықтай экономикалық шығын келтіргенін мәлімдеді.

Қытай мемлекеттік БАҚ-тарының хабарлауынша, Evergrande-дің басқа да бұрынғы басшылары, соның ішінде Хуэйдің екі ұлы да 22 айдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.

Хуэй Ка Ян Evergrande компаниясын 1996 жылы құрды. Қарыз қаражаты есебінен қарқынды дамыған компания кейін Қытайдағы ең ірі құрылыс салушылардың біріне айналып, нарықтық құны бір кезеңде 50 млрд доллардан асты. Хуэйдің өзі кезінде Азиядағы ең бай адамдардың бірі саналды.

Алайда 2020 жылы Қытай билігі құрылыс компанияларының қарызын шектеуге бағытталған шаралар енгізгеннен кейін Evergrande қаржылық қиындықтарға тап болды. Компания 2021 жылы қарыз міндеттемелерін орындай алмай, дағдарысқа ұшырады.

Тергеу барысында Evergrande тұрғын үй сатып алушылардан алдын ала төлем ретінде алынған қаражаттың бір бөлігін тиісті құрылысқа емес, басқа жобаларға бағыттағаны анықталған. Соның салдарынан жүздеген құрылыс нысаны аяқталмай қалған.

2024 жылы Хуэй Ка Янға компания кірісін 78 млрд долларға асыра көрсеткені үшін 6,5 млн доллар көлемінде айыппұл салынып, Қытайдың капитал нарығында қызмет етуіне өмір бойына тыйым салынған.

Evergrande акцияларының құны шарықтау шегінен шамамен 99%-ға құлдырап, 2025 жылғы тамызда компания Гонконг қор биржасының листингінен шығарылды. Компанияның күйреуі Қытайдың жылжымайтын мүлік секторындағы ұзаққа созылған дағдарыстың ең ірі оқиғаларының біріне айналды.