Актер, педагог, аңыз тұлға: Қайрат Кемалов өмірден өтті
69 жасқа қараған шағында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті актер Қайрат Кемалов өмірден өтті. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қайрат Кемалұлы - қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі, сан қырлы сахна шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері еді. Ол жарты ғасырға жуық шығармашылық жолында ұлттық мәдениетіміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосты. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының сахнасында талай ұлы образдарды сомдап, көрермен жүрегінен берік орын алды.⠀
Ол сомдаған Ақан сері, Абай, Сәкен сынды тарихи тұлғалар мен Отелло, Орест сияқты әлемдік классика кейіпкерлері – актерлік шеберліктің биік үлгісі ретінде бағаланды. Кино өнерінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырды.⠀
Қайрат Кемаловтың өнердегі мансабы Қарағандыда басталған еді. Оның өнердегі жетістіктері халықаралық дәрежеде жоғары бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. Ол түрлі тарихи образдарды сомдауда актерлік шеберлігімен көріне білді. Шығармашылық жолында ол көрермендерге классикадан бастап заманауи қойылымдарға дейін жүздеген рөлдерді сыйлады. Ол шеберлігі, мамандыққа деген үлкен адалдығы арқасында отандық театр және кино тарихында терең із қалдырды. Қайрат Кемаловтың жарқын бейнесі әріптестерінің, шәкірттері мен достарының, көрермендердің жүрегінде мәңгі қалады, - деп жазылған Бөлекбаевтың хабарламасында.
Қайрат Кемалов тек Қарағанды жұртшылығының ғана емес, бүкіл қазақ еліне ортақ өнер тарланы болды. Оның жарқын бейнесі мен шығармашылық мұрасы халқымыздың жадында мәңгі сақталады.