Ақтауда ТКШ саласындағы реформалар талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтау қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) саласындағы реформа және Маңғыстау облысында көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарына (КПТҮ) көшу жөніндегі жұмыс тәжірибесімен танысу мәселелері бойынша көшпелі кеңес өтті, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.
Облыста қазірдің өзінде 79 мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) және 300-ден астам жай серіктестік (ЖС) белсенді жұмыс істеуде.
Көшпелі кеңес барысында қатысушылар пәтер иелері кооперативтерінен (ПИК) МИБ-ке көшу тәжірибесімен бөлісіп, ақпаратпен алмасты. КПТҮ басқару саласындағы кәсіби біліктілік жүйесін қалыптастыру және дамыту мәселелерін қарастырды. Әкімдік пен «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ өкілдері салаға қатысты туындап жатқан сұрақтарға жауап берді.
Сонымен қатар, кездесуге қызығушылық танытқан қатысушылар үш жергілікті МИБ жұмысымен танысып, басқарудың жаңа нысанына көшкен тұрғын үйлерге барды. МИБ төрағалары ПИК басшыларының жұмысынан кейін үйлерді қалай қалпына келтіріп жатқандары туралы айтып берді. Қонақтар ол жұмыстардың нәтижелерні көрді. ПИК 30 жыл бойы ауыстырмаған инженерлік жүйелерді МИБ қысқа мерзімде жаңғыртқан. Жылуды үнемдеудің жаңа технологиялары енгізілді, - делінген ақпаратта.
Көшпелі кеңес барысында мүлік кеңестері мен тұрғындар МИБ құруды қолдады және өздерінің МИБ төрағаларының жетістіктерін растады. Сондай-ақ көп жағдайда тарифтер өзгеріссіз қалғанын, ал кейбір үйлерде тіпті төмендегені туралы айтты.
Маңғыстау облысының ӨСБ және МИБ қауымдастығының төрағасы Қайырғали Қалмақанов қауымдастық, мемлекеттік органдар және тұрғындар арасында үш жақты серіктестікті ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті.
Осылайша, Қауымдастық пен «Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы» ММ арасында тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты нығайту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ақтау әкімдігі «Жастар үйі» ресурстық орталығының кеңсесіне үй-жай бөлді. Онда қала тұрғындарына кеңес беріліп, қажетті құжаттарды дұрыс рәсімдеуге көмектеседі.
Біз сондай-ақ басқарушылар мен меншік иелерінің білімі мен біліктілігін арттыруға ұмтыламыз. Конференциялар, семинарлар мен вебинарларды ұйымдастырамыз. КПТҮ қызмет көрсетуге, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге арналған қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылауға көмектесеміз. Қаланың тұрғын үй қорын сақтау және жақсарту - біздің басты міндеттеріміздің бірі, - деп атап өтті Қайырғали Қалмақанов.