Ақтау мектептерінде киіз үйлер тігілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтаудағы білім ордаларында «Ұлттық рух, ұлттық сана» атты жаңа жоба бастау алды. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, насихаттауды мақсат еткен жоба аясында қаладағы бірнеше мектептердің төрінде қазақтың киіз үйлері тігілуде. 

Қала әкімі Н.Қилыбай №21 орта мектепке орнатылған қазақ тарихындағы алғашқы сәулеттік құрылыс болып саналған киіз үйді өзі барып тамашалады. Бүгінде аталған мектепте оқушы қыздар үшін түрлі қолөнер бұйымдарын, ал, ұлдар үшін киіз үйді жығып, қайта тігуді үйрететін арнайы оқу курстары басталып кеткен.   

Басты мақсатымыз ұлтымыздың құндылығы, асыл мұрамызды кейінгі ұрпаққа жеткізу.

Қазіргі таңда киелі шаңырақты жасайтын шеберлердің саны жоққа жақын. Дәстүрді үзіп алмау керек деген оймен, мектептегі оқушыларымызға осы істі үйрету үшін кішігірім макетіне тапсырыс берген болатынбыз. Әзірге екі мектепке орнатылды. Ұлттық үйлер кәсіпкерлердің қолдауымен алынды,- деді қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Жобаның тұжырымдамасы Маңғыстау облысы қолөнершілер ассоциациясының басшысы, дәстүрлі қолөнерді дәріптеуші  Әуес Сағынаевамен бірлесіп жасақталды.

Қала әкімінің бастамасымен қазақтың тәрбие көзіне айналған қазақтың киіз үйін мектепке құру жобасына ризамын.  Киіз үйдің өзі ғана емес, оның жеке элементтері де қазақ үшін маңызды рөл атқарған. Осы құндылықтарды оқушы қыздарымызға аманаттап қалдыру басты парызымыз,- деді. 

Сонымен қатар, наурыз айында мектептерде қала әкімінің жүлдесі үшін көшпелі  мұражайға  баланатын қазақтың  ұлттық үйін ұлықтауға бағытталған «КИІЗ ҮЙ – FEST» шарасын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы