Ақсулық металлургтер баспаналы болды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. 50-ге жуық ақсулық металлург армандаған пәтерлеріне қол жеткізді. Күтпеген сыйлықты мамандарға Ақсу ферроқорытпа зауытының басшылығы жасаған.

Кеншілер мен металлургтер шаһарындағы бес қабатты үй кәсіпорынның тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде бой көтерген. Жаңа нысанның аумағы абаттандырылған. Мамандар үшін алаңсыз өмір сүруге қолайлы жағдай жасалған. Зауыт қызметкерлерінің хабарлауынша, нысанның құрылысы былтыр аяқталған. Алайда, инженерлік коммуникациялар бойынша қиындықтар туындапты. Қоныс тойын тойлағандардың қатарында сирек кездесетін сала мамандары, өндіріс шеберлері мен жас ферроқорытпашылар бар.

Кәсіпорынға жұмысқа орналасқан соң бірден пәтер кезегіне тұрдым. Зауыт баспаналы болудың қолайлы жолдарын ұсынды. Жалақым да мүмкіндік берді. Отбасыммен 10 жыл бойы пәтер жалдап тұрдым. Енді аңсаған үйімізге көшеміз, - дейді металлургиялық құрал-жабдықтарды жөндеу жөніндегі шебер Руслан Шандакбаев.

Ақсу ферроқорытпа зауытының мамандарын баспанамен қамту - әлеуметтік маңызы жоғары міндет. Қызметкерлер төмен пайыздық мөлшерлемемен пәтер алып, 20 жыл ішінде өтеулері тиіс. Айта кетерлігі, бастапқы жарна талап етілмейді. Бұған дейін қалада бес үй бой көтерген. 260-тан астам маман баспанамен қамтылды. Алдағы уақытта тағы бір 50 пәтерлік нысанның құрылысы басталады.

Қуантарлығы, осы жылдың шілдесінен бастап зауыттықтардың жалақысы 10%-ға ұлғаяды.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы