АҚШ-та 5-11 жас аралығындағы балаларға коронавирусқа қарсы екпе салынады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АҚШ-та Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасының кеңесшілері ковидке қарсы Pfizer/BioNTech компаниясының вакцинасын 5 пен 11 жас аралығындағы балаларға салуды жөн көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Рейтерс ақпарат агенттігінің хабарлауынша, дауыс беруде 17 маман шараны дұрыс деп қабылдаса, бір сарапшы қарсы шықты.
Ал келесі аптада АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мамандары өз нұсқаулықтарын ұсыну керек.
Болжам бойынша аталған вакцина келесі айдан бастап елдегі 28 млн балаға қолжетімді болмақ.
Айта кетейік, пандемия басталғалы құрама штаттарда Коронавирус індетінен 500-ден астам бала көз жұмды.
Бүгінде 12 мен 15 жастағы жасөспірімдердің 47 пайызы ковид індетіне қарсы вакцина алған. 5 пен 11 жас аралығындағы балаларға жүргізілген клиникалық зерттеудің нәтижесі бойынша Pfizer мен BioNTech компаниясының препараты 90,7 процент тиімділік көрсетті. Енді компания 2 мен 4 жастағы бүлдіршіндерге жүргізген зерттеу нәтижесін жыл соңына дейін ұсынбақ.