АҚШ Қытайдың 7 шенеунігіне санкция салды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АҚШ Қытайдың жеті шенеунігіне "Гонконгтегі демократиялық құндылықтарға қауіп төндірді" деп санкция салды.
Азаттықтың мәліметіне қарағанда, АҚШ қаржы министрлігі жариялаған санкцияға Қытайдың Гонконгтегі байланыс бөлімінің шенеуніктері ілінген. Пекин бұл бөлімді Гонконгте өзінің саясатын жүргізу үшін қолданады.
Қара тізімге байланыс бөлімінде басшылық қызмет атқаратын Чен Дун, Хэ Цзин, Лу Синнин, Цю Хун, Дань Тяньуй, Ян Цзяньпин, Инь Цзунхуа және олардың орынбасарлары енген.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "кейінгі уақытта Қытай шенеуніктері Гонконгте демократиялық құндылықтарды жүйелі түрде бұзып, билікпен келіспеген мыңдаған адамды қамады" деді.
2019 жылдан бері Гонконгте Қытай саясатына қарсы наразылық күшейген.
Қытай "Гонконг территориясында жүрген адам қандай да бір іске күдікті болса, оны Пекинге беру туралы" заңын ұсынған соң Гонконгте жаппай наразылық болған еді.