Ақмолада азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары қолға алынуда
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмолада ең қажетті өнім бағасын тұрақтандыру мақсатында азық-түлік қоры жасақталуда. «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ербол Жақсылықов өңірдегі өнім бағасын реттеу, тұрақтандыру қорын қалыптастыру тетіктері туралы айтып берді.
Тілші: Тұрақтандыру қорында азық-түлік жеткілікті ме?
Ербол Жақсылықов: Қоймалардағы азық-түліктің басым бөлігі – күріш, күнбағыс, сары май, бірінші сұрыпты ұн және қант. Негізі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 19 атаудан тұрады. Бірақ оның барлығын қоймада сақтау мүмкін емес. Айталық, ет арнайы жабдық, мұздатқыштарды қажет ететін өнім. Сол сияқты тұзды да вагондап сатып алудың қажеті жоқ. Маусымдық бағаның өсуіне бейім өнімдер бар. Мысалы жазда қант, күзде күнбағыс майының бағасы қымбаттайтыны белгілі. Жұмыртқа да қыста қымбаттап, жазда арзандайды. Өткен жылдан бастап тұрақтандыру қорын толықтыру мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүргізіледі.
Тілші: Әлеуметтік тауарларды сатып алған кезде қандай талап қойылады?
Ербол Жақсылықов: Еліміздің оңтүстігіндегі екі отандық зауыт қант шығарады. Олардың екеуі де қант қамысын пайдаланады. Ал бұл жүз пайыз импортталатын шикізат. Оның құны теңге бағамына байланысты өзгеріп отырады. Қазір біз қант бағасын зерттеп жатырмыз. Отандық қант бағасы Ресей немесе Белоруссияға қарағанда әлдеқайда қымбат. Бірақ мемлекеттік сатып алу порталы арқылы, әрине, біз тек ел ішінде өндірілген өнімді ғана сатып ала аламыз. Өткен жылы ӘКК үшін талаптар өзгергенге дейін біз Беларусь зауыттарынан қантты вагондап жеткіздік. Осының арқасында өткен жаз бойы қанттың бөлшек саудадағы бір келісі 200 теңге болды. Жалпы арзан азық-түлік табу, оны уақытында жеткізу және сақтау, содан кейін оны нарыққа шығару – тұрақтандыру қорына қойылатын басты талап.
Тілші: Жағдайды реттеу мүмкін бе?
Ербол Жақсылықов: Біз бұл мәселені ҚР Үкіметінің қатысуымен өткен кеңестерде бірнеше рет көтердік. Өткен жылдың тамыз-қыркүйегінен күнбағыс майы айтарлықтай қымбаттады және бүгінгі күнге дейін баға түскен жоқ. Шығыс Қазақстан облысында күнбағыс майының ірі өндірушісі бар. Өткен жылдың соңында фермерлер күнбағыс жинады, сату кезінде кіріс-шығысты есептеді. Майлы тұқымды шетелге, атап айтқанда Қытайға сату тиімді болғандықтан, фермерлер солай істеді. Қалған өнім аз болғандықтан, сәйкесінше оның бағасы да көтерілді. Облыста күнбағыс майының екі өндірушісі бар. Олар Атбасар ауданында орналасқан. Бұл шын мәнінде шағын цехтар. Олардың бірі қазір тоқтап тұр, екіншісі баяу жұмыс істеуде.
Тілші: Бірақ елімізде өнімді ірі көлемде сатуды тиімді санайтын азық-түлік өндірушілері бар ғой…
Ербол Жақсылықов: Облыста бар азық-түлікті осы жерден сатып аламыз. Дегенмен жергілікті өндірушілер тұтынушылардың қажеттілігін толық жаппайды. Сол себепті кейбір өнім көрші облыстардан жеткізіледі. Тұрақтандыру қорын толықтырудың екі тетігі бар. Бірінші механизм бойынша біз тауарлардың белгілі бір партиясын сатып алып, қоймаларда сақтаймыз. ӘКК-де жеке қоймалар болмағандықтан, жалға аламыз. Екінші механизм бойынша өндірушілерге немесе ірі бөлшек сауда желілеріне айналым қаражатын толықтыруға алты ай немесе бір жылға пайызсыз несие береміз. Ал бизнес белгілі бір тауарға белгіленген бағаны ұстап тұруға міндеттенеді. Менің ойымша, бұл механизм нарықтық жағдайларға бейімделген. Мұндай шарттармен бірде-бір банкте несие берілмейтіні түсінікті. Бұл бизнеске тиімді, біз осылайша өткен жылдың екінші жартысынан жұмыс істей бастадық. Қазір айналым схемасы бойынша Зеренді ауданынан тауық етін өндіруші «Blic Terminal» ЖШС, көкшетаулық «Гормолзавод» ЖШС, Бурабай ауданындағы құс фабрикасымен шарт жасалды. Шарт мерзімі аяқталған соң ақша бюджетке қайтарылатыны даусыз. Дегенмен бірінші механизм – тәуекелге бару дер едім. Өткен жылдары тұрақтандыру қорына сатып алынған көкөністер тұтынушыларға жетпей қоймаларда шіріп кеткен жағдайлар болды.
Тілші: Екінші механизм тиімді болды ғой сонда?
Ербол Жақсылықов: Солай деуге де болады. Қаржы кез келген өндірушіге берілмейді. Бизнеске белгілі бір талаптар қойылады – тиімді несие алғыңыз келсе, кепілзат қоясыз. Бұл механизм бизнес үшін тиімді. Мысалы бөлшек сауда желілері мұны қаламайды. Бұл олардың айналым қаражатының жетіспейтіндігін көрсетеді. Сол сияқты өндірушілерде де айналым капиталы жетіспейді. Степногор қаласындағы картоп фермаларының бірімен келісім жасалды. Картоп өсіріліп, сол жерде сақталады. 1 мамырға дейін олар өнімді жеткізуге міндетті. Тұтынушылар үшін картоптың 1 келісі 90 теңгеден аспайды.
Тілші: Тұрақтандыру қорының өнімдерін қайдан сатып алуға болады?
Ербол Жақсылықов: Облыс орталығындағы сауда нүктеміз – орталық базардағы «Қамқор» дүкені. Онда арнайы сауда бұрышы бар. Дүкен бірнеше жыл бұрын сэндвич панельдерден салынғандықтан, тез бұзылатын азық-түлікке лайықталмаған, тоңазытқыштар жеткіліксіз болатын. Өткен жылы дүкен аумағы кеңейтілді. Жарықтандыру, жылыту, желдету жүйесін өзгерттік, ауа баптағыштар орнатылды. Көкөніс қатарлары кеңейтілді. Енді дүкеннің артқы қабырғасын 3,5 метрге кеңейтіп, қазіргі заманғы мұздатқыштар қою жоспарланып отыр. Тұрақтандыру қорының барлық өнімі «Kokshe Market» ӘКК-нің дүкендерінде сатылады. Екеуі «Васильковский» және «Центральный» шағын аудандарында жұмыс істеуде. Дүкендерде «Бижан», «Гормолзавод», «Айна», «Ақсай нан», «Көкшетау нан зауыты» сияқты өңірге танымал компаниялардың өнімдері қойылған.