Ақмола облысында вакцина алу үшін ынталандыру шаралары басталды
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирусқа қарсы вакцинацияны жеделдету үшін жергілікті билік тұрғындарды ынталандыру шараларын бастады.
Биылғы жылдың ақпан айынан бастап өңірге «Спутник V», «Qaz Vak», «Hayat Vax», «Согопа Vak» вакциналарының 264 мың дозасы келіп түскен. 131 егу пункті, 120 мобильді бригада және 11 жылжымалы кешен іске қосылды.
Егу науқаны белсенді жүріп жатқан жоқ. Жергілікті жерлерде адамдарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға ынталандыру туралы шешім қабылданды. Егілгендердің дені өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметкерлері. Мобильді топтар шалғай елді мекендерде екпе жүргізуде. Атбасар, Жақсы аудандарындағы теміржол ұйымдары өз қызметкерлеріне бір ақылы демалыс күнін ұсынды. Ірі кәсіпорындар өз қызметкерлері арасында жүлделер ұтысын өткізуде. «Milk Project» ЖШС вакцина алған тұлғаларға сүт өнімдерін тегін таратты. Мұндай шаралар өңірлерде жалғасуда, – дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысрәлімова.
Оның мәліметінше, Бұланды ауданы мен Степногорск қаласының мемлекеттік мекемелері үшін еңбек демалысына бір күн қосылды. Сауда саласы да вакцинацияны ынталандыруға қосылды. Бурабай ауданында «Ақ Желкен» сауда үйінің мобильді пунктінде вакциналанғандар арасында бағалы сыйлықтар, Астрахан ауданында жүлде лотереясы ойнатылады. Қорғалжын ауданы әкімінің орынбасары Дарын Сабырғалиев жеке қаражатына Сабынды, Қараегін және Арықты ауылдарында «Вакцина алған әр адамға сыйлық» акциясын ұйымдастырды.
Вакцинация – инфекциямен күресудің ең сенімді әдісі. Ауруды жұқтырудың алдын алған дұрыс. Екпе алған ең осал санаттардың ішінде 6 мыңнан астам қарт адамдар және қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары сияқты созылмалы аурулары бар 2 мыңға жуық адам тіркелді. Сovid-19 инфекциясымен қайта жұқтыру және жанама әсерлердің бірде-бір оқиғасы тіркелмеді, – деп атап өтті әкім орынбасары.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықовтың айтуынша, вакцина инфекциямен күресте ең тиімді шара болып табылады.
Вакцина ағзаны антиденелермен қамтамасыз етеді. Екпеден кейінгі жанама әсерлер кез-келген вакцинадан кейін де бар. Дене қызуының көтерілуі, инъекция орнында орташа ауырсыну және әлсіздік болуы мүмкін. Коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналардың адамның ұрпақ өрбіту қабілетіне немесе басқа органдарға жанама әсерлері туралы нақты мәліметтер жоқ. Сондықтан тұрғындардың алаңдаушылығы негізсіз. Бірақ вакцина алғандардың басым көпшілігі жеңіл немесе симптомсыз ауырады, - дейді басқарма басшысы.
Ақмола облысы «жасыл» аймақта болғанына қарамастан, вирус жұқтырғандар саны сақталып отыр.
Әдетте, бұл созылмалы аурулары бар егде жастағы адамдар. Бүгінгі таңда бізде 809 пациент емделуде, оның ішінде 427 адам стационарлық емделуде. 47 ақмолалық реанимацияда, оның төртеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, – деп атап өтті Нариман Сыздықов.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов тұрғындарды 60% вакцинамен қамтылған кезде бұрынғы өмір салтына оралып, іс-шаралар өткізуге, қандай да бір шектеусіз қоғамдық орындарға бара алуы үшін вакцинация науқанын қолдауға шақырды.
Егу науқаны басталғаннан бері үш вакцинаның бірінші компонентінің 160100 дозасы алынды, 95094 адам егілді, бұл жалпы халықтың 18% құрайды. Үш вакцинаның екінші компонентінен 104100 доза алынды, 59 384 адам егілді, бұл халықтың жалпы санының 11%-ы, – деп түсіндірді Серік Омарханов.