Ақмола облысында қараусыз жүрген 400-ден астам жасөспірім анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы барысында қараусыз жүрген 400-ден астам жасөспірім анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Учаске» арнайы операциясы Ақмола облысының аумағында жалғасуда. Сағат 23.00-ден кейін тұрғын үйден тыс жерде жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау мақсатында түрлі рейдтік іс-шараларды, әсіресе түнгі уақытта өткізуге ерекше назар аударылды.
Рейдтер барысында ювеналды полиция қызметкерлері ақмолалық жасөспірімдер жасаған 576 құқық бұзушылықтың жолын кесті, оның ішінде кәмелетке толмағандардың спирттік ішімдіктерді ішуінің 59 фактісі, заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін 17 жасөспірім және қараусыз 413 жасөспірім ұсталды.
ІІО есебінде тұрған 2797 қолайсыз отбасы тексерілді. Полиция қызметкерлері 9 баланы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды. «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін жалғасады