Ақмола облысында дәрігер тапшылығы қалай шешілуде?

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола өңірінде өзекті мәселелердің қатарында медицина кадрларын тарту, жалақыны арттыру, дәрігерлерге өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасау болып отыр. Осы маңызды мәселелерді шешу жолдары Nur Otan партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында талқыланды.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қалдыбаеваның мәліметінше, облыс бойынша орташа есеппен 1 қаңтардан бастап дәрігерлердің жалақысы 30%-ға – 211 мың теңгеден 274 мың теңгеге дейін, орта медициналық қызметкерлердің табысы 20%-ға – 134 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін артты.

Бүгінде өңірде дәрігерлер тапшылығы 290 адамды құрайды. Тек Көкшетаудың өзінде 117 дәрігер жетіспейді. Атап айтқанда, жалпы практика дәрігерлері, терапевттер, акушер-гинекологтар, анестезиологтар мен реаниматологтар, педиатрлар жоғары сұранысқа ие болып отыр,

Әрине, бұл мәселені шешу бойынша жұмыс үнемі жүргізілуде, нәтиже де жоқ емес. Мысалы, 2020 жылдың қыркүйегінде облыста 422 маман жетіспесе, қаңтарда бұл көрсеткіш 339 болды. Дәрігерлерді тарту үшін өңірлердің әкімдіктері мен аудандық ауруханалар есебінен қызметтік тұрғын үйлер салынуда, медициналық жоғары оқу орындарының түлектерімен шарттар жасалуда. Мәселені шешудің тағы бір қадамы – Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде медицина факультетінің ашылуы болды, - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қалдыбаева.

Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Алиннің мәліметінше, кейбір жас мамандар ауылдық квота бойынша интернатурада оқығаннан кейін резидентураға түседі, ал оқуын аяқтаған соң елорданың ірі клиникаларында жұмыс істеуге қалады. Интернатурадан кейін жас дәрігерлер оқу үшін төленген ақшаны қайтарып, басқа аймақтарға кеткен.

Әрине, адам қалаған жерде өмір сүруге құқылы. Бірақ ауылдық жерлерге кадрларды тарту мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Соңғы үш жылда Ақкөл ауданына алты жас маман келді, олардың барлығы аудан орталығында жұмысқа орналастырылды, жайлы жайлы жатақханамен қамтамасыз етілді. Басқа өңірлерден көшіп келген тағы бес тәжірибелі маманға жайлы коммуналдық пәтерде уақытша тұрғын үй беріледі. Сондай-ақ, аурухана өз қаражаты есебінен жұмыс істейтін отбасылық мамандарға пәтер жалдау үшін ақшалай көмек көрсетеді, - дейді Алмаз Алин.

Оның айтуынша, медициналық қызметкерлерге Ақкөлде салынып жатқан жаңа үйлерден пәтер беру жоспарлануда. Көп ұзамай аудан орталығына келетін жас мамандарда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысуға және тұрғын үйге жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік пайда болады: бұрын бұл ауылға жұмыс істеуге келгендер үшін ғана рұқсат етілген. Ал жақында мемлекеттік бағдарламаға Ақкөл сияқты шағын қалалар да енгізілді. Мұның өзі ауданда офтальмолог рентгенолог, кардиолог акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, нарколог, патологоанатом сияқты мамандарды тартуға көмектеседі деп күтілуде.

Бірақ мұның бәрі аудан орталығында. Ауылдарда жағдай қалай? 

Әкім орынбасарының айтуынша, соңғы екі жылда ауылдық жерлерге жұмыс істеуге ниет білдірген мамандар болмаған. Урюпин, Новорыбин дәрігерлік амбулаторияларында, Наумов медициналық пунктінде, Радовка ауылында, Қараөзек, Рамазан, Тастыадыр ауылдарында дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің бос орындары ашық күйінде қалып отыр.

Ауданда дәрігерлердің жалақысы 2021 жылдың басынан бастап 30% - ға өсті және орташа есеппен 338 908 теңгені құрайды, ал келесі жылдан бастап тағы да 30%-ға өседі. Медбикенің орташа жалақысы 201 542 теңгені құрайды, ал жаңа жылдан бастап 241 850 теңгеге жетеді.

Осыған ұқсас жағдай облыстың басқа аудандарында да орын алып отыр. Мысалы, соңғы үш жылда Есіл ауданына 4 жас маман, дәрігерлер тапшылығы 26 адамды құрайтын Атбасар қаласына биыл үш маман келді. Ал Целиноград ауданына соңғы бір жарым жыл ішінде 58 маман келді: 22 дәрігер және 36 орта медицина қызметкері. Медициналық жоғары оқу орындарының түлектерімен жаңа шарттар жасалады, тұрғын үй беру, жеңілдетілген несие және «Дипломмен–ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы бойынша көтермеақымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бірақ бұл ауданның жас мамандар арасында танымалдығы оның географиялық орналасуымен түсіндіріледі. Елордаға жақын болу көптеген мүмкіндіктер береді. Мәселе - мамандарды қалай ұстап қалуда болып отырғандықтан, жалақы, тұрғын үй көмегі және кәсіби өсу мүмкіндіктері дәрігер тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етуі тиіс, - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қалдыбаева.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы