Ақмола мектептерінің санитарлық қауіпсіздігіне 115 млн теңге бөлінді
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия жағдайында Ақмола облысында барлық білім беру мекемелерін санитарлық қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етуге 115 миллион теңге қаражат бөлінді.
Облыстың барлық оқу ұйымдарында корпустарға, кітапханаларға кіру кезінде Ashyq қосымшасын жүз пайыз пайдалану қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, балабақшалардың, мектептер мен колледждердің оқытушылары мен техникалық қызметкерлері жұмыста Ashyq қосымшасын пайдаланады.
Жаңа оқу жылының алдында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін білім беру ұйымдарының педагогтері мен техникалық персоналына вакцинация жүргізілді. Уақытша және тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар мұғалімдер мен қызметкерлер аз пайызды құрайды, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов.
Өңірде аралас режимде оқитын мектептер бар, денсаулық жағдайына байланысты 67 оқушы қашықтықтан оқиды.
Сондай-ақ, қашықтан, яғни өз бетінше, үйде оқытуға рұқсат етіледі. Ол үшін ата-аналар өтініш жазады, оның негізінде директор тиісті бұйрық шығарады. Қашықтықтан оқитын балалар оқулықтармен, пәндер бойынша оқу бағдарламаларымен қамтамасыз етіледі, ақпараттық жүйеге және электрондық журналға қол жеткізе алады. Олар, барлық басқа оқушылар сияқты тапсырмаларды орындайды. Бұл ретте БЖБ мектепте немесе қашықтықтан, ТЖБ – міндетті түрде штаттық форматта, мектепте тапсырылады, - деп хабарлады Бейбіт Жүсіпов.
Алайда, егер БЖБ нәтижелері қанағаттанарлықсыз болса, бала мектепте оқуын тұрақты түрде жалғастырады.
Егер мұғалім немесе оқушы коронавируспен ауырса, онда бүкіл сынып онлайн форматқа ауыстырылады. Бірақ оқу процесі тоқтамайды, - деп атап өтті басқарма басшысы.
Бүгінгі таңда Ақмола облысының мектептерінде 20 мыңнан астам педагог жұмыс атқарады.
2020 жылы облыстық, аудандық бюджет қаражаты есебінен 2 684 компьютерлік техника сатып алынды. Бұдан басқа, ҚР Үкіметінің резерві есебінен 26 977 бірлік компьютерлік техника сатып алынып, мектептерге берілді. Бүгінде облыс мектептерінде 45 мыңнан астам техника бар. Осының барлығы «9 оқушыға 1 компьютер» көрсеткішін «3 оқушыға 1 компьютер» деңгейіне дейін жақсартуға мүмкіндік берді. Өткен жылы мектеп компьютерлері, ноутбуктер мен планшеттер өздерінің техникасы жоқ студенттерге уақытша пайдалануға берілді. Биылғы жылы бұл тәжірибе жалғасады. Пандемия және онлайн форматтың болашағы жағдайында бұл мәселе аса өзекті саналады, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Оның мәліметінше, биыл ыстық тамақты ұйымдастыруға және мектеп формасын, кеңсе тауарларын сатып алуға Ақмола облысының жалпы білім беру қоры 1 миллиард 116 млн теңге бөлді. Жалпыға міндетті оқу қоры аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақтандыруды ұйымдастыруға 694 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылды. Мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін 421 миллионнан астам қаражат бағытталды.
Бүгінгі күні облыс бойынша аз қамтылған және көп балалы балалар саны – 16 595 оқушы, оның ішінде 1 287 бірінші сынып оқушылары. «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында бүгінгі күні облыс бойынша департаменттер, басқармалар, бөлімдер, бизнес-құрылымдармен жұмыс жүргізілуде. Мақсаты-мектеп формасы мен керек-жарақтарын сатып алуға материалдық көмек көрсету. Қазіргі жағдай бойынша аз қамтылған отбасылардан шыққан 13 485 оқушыға 257 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. 1 085 бірінші сынып оқушылары үшін – шамамен 29 млн теңге бюджеттен тыс қаражат есебінен 2 647 оқушыға 51 542,6 мың теңге сомасында көмек көрсетілді. Біздің оқушыларға осындай көмек көрсеткен және «Мектепке жол» акциясына қатысқан мекеме басшылары мен бизнес өкілдеріне үлкен алғысымды білдіремін,-деп атап өтті Бейбіт Жүсіпов.