Аккредитациясынан айырылған допингке қарсы зертхананы ұстауға 1,8 млрд теңге бөлінген

Мәжіліс депутат Нартай Сәрсенғалиев аккредитациясынан айырылған допингке қарсы зертханаға қаржы бөлуді тоқтатуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың сөзінше, зертхана 2025 жылы жарты миллиардтай теңге бөлінбек.

Аралбайұлы атап өткендей, елімізде спортшылардың допингке қарсы зертханасы бар. Оған 2025 жылы 480,8 млн теңге бөлу жоспарланып отыр.

Дей тұрғанмен, допингке қарсы зертхана ашқан кезде оған WADA-ның аккредитациясы керек екенін білеміз. Еліміздегі зертханада WADA-ның аккредитациясы болған. Бірақ 2017 жылдың 30 маусымында WADA-ның «аккредиттелген зертхана» мәртебесінен айырылып қалған. Соған қарамастан осы аккредитацияны қайтадан аламыз деп 2017 жылдың соңында Ұлттық олимпиада комитеті мен Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры біздің еліміздегі зертханаға 1,3 млрд теңгеге құрал-жабдық сатып алады. Бірақ WADA-ның аккредитациясын қайтару мүмкін болмайды. Соңғы бес жыл ішінде бюджеттен еліміздегі зертхананы ұстауға 1,8 млрд теңге қаражат бөлінеді. Бірақ аккредитация сол күйі қайтарылмайды. Соған қарамастан 2025 жылы министрлік аталған зертханаға 480,8 млн теңге, 2026 жылы – 483,9 млн теңге, 2027 жылы 483,9 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр. WADA-ның аккредитациясын 7 жыл бойы қайтару мүмкін болмаса, онда біздің еліміздегі зертханаға бюджет қаржысын бөлуді тоқтату керек шығар. WADA-ның аккредиттелген зертхана мәртебесін қайтару мүмкіндігі бар ма, жоқ па? Өйткені алдағы үш жылда 1,5 млрд теңге береміз, соңғы 5 жылда 1,8 млрд теңге бердік. Құрал-жабдыққа 1,3 млрд теңге бердік, қыруар қаржы далаға кетіп жатқан жоқ па деген сұрақ бар, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев 2025 жылы аккредитацияны қайтару жоспары барын айтты.

Бұл зертхана істеп жатыр. Соңғы жылдары расында да аккредитацияны тартып алды. Біз WADA-мен бекітілген жол картасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Алматының қақ ортасында оған жаңа ғимарат жалға алынды. Себебі олар 15 жылдай ескі ғимаратта отырғаннан кейін, WADA-ның өзінің кедергілері болған. Өзіңіз айтып кеткендей, Ұлттық олимпиада комитетімен бірлесіп осы ғимаратқа жаңадан құрал-жабдықтарды сатып алдық. Неміс Дакс деген аккредитациялық орталығының оң шешімін алдық, лицензия алдық. Сіз айтып кеткен қаражат өте керек. Жалпы ол жерде 22 адам жұмыс істейді. Олар бәрі ғылыми қызметкерлер. Орташа жалақысы 300 мың теңгедей алады. Қазіргі уақытта олар ғылыми зерттеулер жасап жатыр. 2025 жылы WADA-ның бекітілген жол картасы бойынша аккредитацияны қайтару бойынша жоспар бар, - дейді спорт вице-министрі Мәжілісте.

Еске сала кетейік, осыған дейін Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жалпы отырыста Ұлытау облысындағы ауылда оқушылар бұрынғы совхоз директорының үйінде оқып жатқанын айтып, мәселе көтерді. Сондай ақ депутаттар магистратура мен докторантураға грантты көптеп бөле бермей, сапаға мән беру керегін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы