Аккаунтты себепсіз бұғаттау мен төлем дауы: Сарапшы цифрлық платформалардағы еңбекті заңмен қорғау маңыздылығын атады
Платформалық жұмыспен қамту және жаңа Азаматтық кодекс: Сарапшы басты құқықтық түйткілдерді атады.
Цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың құқықтық мәртебесі формалды шартқа емес, тараптар арасындағы нақты қатынастардың сипатына қарай айқындалуы қажет. Мұндай пікірді ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының ғылыми қызметкері Арман Батырханов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, бүгінде цифрлық платформалар халық қызмет көрсетіп, тауар сататын және табыс табатын дербес экономикалық ортаға айналды. Алайда сырттай қарапайым көрінетін бұл тетіктің артында шешімін күткен күрделі құқықтық мәселелер бар.
«Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі бастаманы қолдаймын. Цифрлық жұмыспен қамтудың дамуы кешенді құқықтық тәсілді қажет етеді деп санаймын. Бүгінде цифрлық платформалар азаматтар қызмет көрсететін, тапсырыстар орындайтын, тауарларын сататын және табыс табатын дербес экономикалық ортаға айналды. Алайда мұндай қатынастардың сыртқы қарапайымдылығының артында күрделі құқықтық мәселелер тұр. Тапсырыс орындалмаған жағдайда кім жауап береді? Платформа ынтымақтастық талаптарын біржақты өзгертуге немесе орындаушының аккаунтын бұғаттауға құқылы ма? Орындалған жұмыстың көлемі мен сыйақы мөлшері қалай расталады? Қызмет сапасыз көрсетілген жағдайда тұтынушы алдында кім жауапты болады? Бұдан бөлек, еңбек қатынастары мен азаматтық-құқықтық қатынастардың аражігін ажырату мәселесі бар», – деп жазды Арман Батырханов.
Осыған байланысты ол жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бастамасын қолдайтынын жеткізді. Сарапшының сөзінше, құжат еңбек және арнайы заңнамамен өзара үйлесе отырып, платформалық қатынастарға түсінікті құқықтық қағидалар бекітуі тиіс.
«Ынтымақтастықтың цифрлық платформа арқылы жүзеге асырылуы немесе қызмет көрсету шартының жасалуы қатынастардың автоматты түрде азаматтық-құқықтық сипатқа ие болатынын білдірмейді. Оларды құқықтық тұрғыдан саралау кезінде орындаушының дербестік деңгейі, бағыныстылығы, жұмыс барысына бақылау жасалу сипаты және өзге де заңдық маңызы бар мән-жайлар ескерілуге тиіс. Осыған байланысты жаңа Азаматтық кодекс еңбек және арнайы заңнамамен өзара үйлесімділікте платформалық қатынастарға түсінікті құқықтық қағидалар белгілеуі қажет. Атап айтқанда, шарт талаптарының ашықтығына, сыйақыны есептеу және төлеу тәртібіне, платформа қатысушылары арасындағы жауапкершілікті бөлуге, сондай-ақ орындаушылардың цифрлық сервистерге қол жеткізу құқығын негізсіз шектеуден қорғауға назар аудару маңызды. Сонымен бірге кәсіпкерліктің жаңа нысандары мен өзін-өзі жұмыспен қамтуға артық кедергілер жасалмауы керек», - деді сарапшы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық жұмыспен қамтудың оңайлатылған құқықтық режимін қалыптастыруды тапсырды. Бұдан бөлек, 2027 жылы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне цифрлық платформалар арқылы өнім өткізіп, қаржылық және логистикалық сервистерді пайдалануға мүмкіндік беретін пилоттық жобаларды іске қосу міндеттелген.