Әкімшілік рақымшылық кімдерге жүрмейді? – ІІМ түсіндірді
ІІМ әкімшілік рақымшылыққа кірмейтін құқық бұзушылықтарды атады.
Әкімшілік рақымшылық сот шешімдері бойынша өндірілген айыппұлдарға, қайталанған құқық бұзушылықтарға және азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтарға қолданылмайды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, әкімшілік рақымшылық жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты қолданылады. Алайда ол сот шешімімен өндірілген айыппұлдарға және қайталап жасалған құқық бұзушылықтарға жүрмейді.
Әкімшілік рақымшылық сот шешімдеріне қолданылмайды. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін қайталап бұзу және азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты өзге де құқық бұзушылықтар рақымшылыққа ілікпейді,-деді Санжар Әділов.
Министр орынбасары айыппұлын толық төлеп қойған азаматтарға да рақымшылық қарастырылмағанын айтты.
Айыппұлын төлеп қойғандарға рақымшылық жүрмейді. Ал төлемеген азаматтардың қаржылық жүктемесі азайтылады,-деді ол.
ІІМ мәліметінше, рақымшылық Ішкі істер министрлігі желісі бойынша тіркелген шамамен 1 миллион айыппұлға қатысты болады. Жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асады. Жеңілдік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 58 құрамы бойынша қолданылады.
Сонымен қатар заңсыз есірткі айналымы мен қарудың заңсыз айналымына байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар рақымшылыққа жатпайды.
Бұл құқық бұзушылықтар азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сондықтан оларға әкімшілік рақымшылық қолданылмайды,-деп түсіндірді министрдің орынбасары.
Одан бөлек, сот шешімдері және қайталанып жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар да рақымшылық аясынан тыс қалады.