Әкімшілік қадағалауды шексіз ұзарту сыбайлас жемқорлыққа жол ашпай ма? – депутат
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дмитрий Колода Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жазасын шартты түрде мерзімінен бұрын өтеген адамдарға қатысты әкімшілік қадағалаудың жаңа ережелері туралы сұрақ қойды. Ол қолданыстағы заң қадағалау мерзімін екі жылмен шектейтінін, ал жаңа заң жобасы бұл мерзімді алты ай сайын шексіз ұзартуға мүмкіндік беретінін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сонымен қатар, құжатта құқық бұзушылық жасауға бейім адамдардың тізімі кеңейтілген, оларға қатысты жеке профилактикалық шаралар қолданылмақ. Депутат сондай-ақ профилактикалық есепті ұзарту адамның жеке ерекшеліктері мен оның қоғамға қарсы мінез-құлқына берілген бағалауға байланысты болатынына алаңдаушылық білдірді.
Неліктен әкімшілік қадағалаудың шекті мерзімі анықталмаған? Сондай-ақ құқық бұзушылық жасауға бейім адамның түзелу дәрежесін профилактика субъектілері қандай критерий бойынша анықтайды? Бұл жерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындамай ма, себебі шешім қабылдау бақылаушы тұлғаның субъективті пікіріне тәуелді болуы мүмкін ғой? – деп сұрады Колода.
Ержан Сәденов заң жобасында әкімшілік қадағалаудың нақты мерзімдері көрсетілгенін айтты.
Заң жобасының 64-бабында нақты мерзімдер белгіленген: кіші және орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін — 3 жылға дейін, ауыр қылмыстар үшін — 6 жылға дейін, аса ауыр қылмыстар үшін — 8 жылға дейін. Яғни, мерзімдер нақты айқындалған, – деді министр.
Ол сондай-ақ қадағалауды ұзарту туралы шешімдер ерікті түрде емес, тек сот арқылы қабылданатынын айтты.
Сіз айтып отырған тәуекелдердің бір бөлігін мен көріп тұрған жоқпын. Неліктен? Себебі шешімді сот қабылдайды. Жиналған материалдарды сот қарайды және дәл сол сот қадағалауды ұзартуға негіз бар-жоғын анықтайды. Ал өкілеттіктерді асыра пайдалану мәселесіне келсек, бізде қадағалаушы институттар мен ведомстволық бақылау жүйесі бар. Ал қадағалауды ұзарту, жоғарыда айтқанымдай, тек сот шешімімен жүзеге асырылады, – деді Сәденов.